Гольф ойыны қалай пайда болды? 3-бөлім

Гольф ойыны қалай пайда болды? 3-бөлім

1-бөлім

2-бөлім

Гольф кәсіби спорт түріне айнала бастады.

Ойын 1800 жылдың ортасына қарай барынша дамыды. Осы уақытта алғашқы кәсіби спортшылар пайда бола бастады. Ал 1851 жылы Прествик (Prestwick) клубы ашылып, дәл осы жерде 1860 жылы елдің үздік сегіз гольфшысы бақ сынаған тарихтағы тұңғыш British Open турнирі өткізілді. Бір күннің ішінде олар 12 алаңқайды үш рет басып өтті.

Ал тұңғыш кәсіби ойыншы Алан Робертсонның (Alan Robertson) өлімі ендігі ең үздік ұлттық чемпионды анықтауға арналған ең бірінші кәсіби чемпионатқа мұрындық болды деген де мәліметтер бар.

Чемпионатта Том Морристі (Tom Morris) екі соққыға артқа қалдырған Вилли Парк (Wiilie Park) ұлттық чемпион атанады. Ал Том Моррис болса кейін 1862, 1864 және 1867 жылдары жеңіске жетіп, есімі тарихта қалды. Ал кейін оның ұлы кіші Том Моррис әкесінің рекордына түзету енгізіп, 1869 жылдан бастап төрт рет чемпионатты ұтып алады.

Ережеге сәйкес, ол жеңімпазға берілетін құны 10 фунт болатын сыйлыққа ие болып, кейін бір жылға жарыстан кетеді. Себебі бұл кезеңде Open өткізілмеген еді.

1872 жылы көпшілік күткен қызықты оқиға орын алады. Бұл жылы кіші Том Моррис өзінің әкесімен ойнап, British Open турнирін төртінші рет жеңіп алады.

Сол заманның тағы да бір атақты гольфшысы ретінде Джей Эйч Тэйлор (JH Taylor) мен Гарри Вэрдонды (Harry Vardon) айтсақ болады. Джеймс Брэйдпен (James Braid) қатар аталған гольфшыларды жұртшылық Ұлы чемпиондар деп таныды. Одан бөлек British Open сияқты жеңімпазға сыйақы төленетін турнирлерде кәсіби ойыншылар сол кездің мөлшерімен есептегенде үлкен қаражатқа ие болып жүрді. Ақшалай сыйлық жеңімпаздан бөлек, финалға шыққан ойыншыға да төленетін.  

Сондай-ақ, олар жаңадан бастап ойнап жүрген ойыншаларға сабақ та берді. Таяқшалар мен гольф добын қалай пайдалану керектігін үйретіп, өздері кэдди рөлінде де жүрді.

Осылайша гольфтың ұйымдасқан кәсіби спорт түрі ретінде тек Біріккен Корольдікте ғана емес, одан бөлек Үндістан мен Құрама Штаттарда да кең етек жая бастады.

Гольф клубқа кіру жарнасын алғаш рет 1892 жылы Кеймбриджде (Англия) енгізді.

1893 жылы Үндістан және Шығыс елдері чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл әуесқой деңгейдегі тұңғыш халықаралық жарыс болып саналды. 1894 жылы АҚШ елінің бес бірдей ірі клубы АҚШ гольфшыларының қауымдастығын (USGA) құрады. Бұл ұйым АҚШ пен Мексика жерінде ұйымдастырылған ойынды бақылап, оларға төрелік жасады. Ережелерді бекітуден бөлек, қауымдастық гандикап жүйесін басқарып, алаңның бетін тексерумен де айналысты.

Бір жылдан кейін US Open және US Ladies Amateur Open (әйелдер арасындағы әуесқой ашық чемпионат) турнирлері пайда болды.

2

1900 жылға қарай АҚШ аумағында 1000-нан аса гольф клубтары жұмыс жасап тұрды. Чикагодағы клуб 18 алаңқайдан тұрған алғашқы нысан болып саналды. Айта кету керек, америкалық гольф клубтары алаңқайларының Біріккен Корольдіктегі алаңқайлардан ландшафтары бойынша үлкен айрмашылығы болды.

Гольф ойыны бұқаралық ақпарат құралдары мен коммерциялық ұйымдар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, соның арқасында спорттың жаңа түрі жоғары деңгейге көтеріле алды. Ал 1897 жылы АҚШ-та тек гольфке арналған алғашқы "Golf" атты журнал өз жұмысын бастады. Осылайша, Құрама Штаттар демеушілік қолдаудың арқасында тұрақты түрде өткізіліп тұрған чемпионаттардың нәтижесінде кәсіби гольфтың орталығына айналып шыға келді.

Соған қарамастан гольфтан өткізілетін ең беделді жарыс түрі ретінде Біріккен Корольдіктің аймағында ұйымдастырылатын турнирлер бағаланады.

1

Гольф 1900 жылы Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіргеннен кейін бүкіләлемдік ойынға айналды.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: azh.kz

Б. Қосмағамбет