- Негізгі бет
- Бұл қызық
- "Манчестер Юнайтед" Руниді...
"Манчестер Юнайтед" Руниді сатпақ ойы бар
Осы аптада «Манчестер Юнайтед» шабуылшы Уэйн Рунимен алдағы жазда қоштасуы мүмкін деген сыбыс тарады. Англия құрамасының 27 жастағы ойыншысының басқа командаға сатылуы мүмкіндігі жайлы The Telegraph және The Guardian секілді танымал баспалар хабарлады.
«Юнайтедтің» бас бапкері сэр Алекс Фергюсон маусымның ең маңызды кездесуі саналған – Чемпиондар Лигасы аясындағы мадридтік «Реалға» қарсы ойында Руниді қосалқы құрамда қалдырғаны белгілі. Артынша, клуб жазда Уэйнмен қош айтысуы мүмкін деген сыбыс тарады.
Осы маусымда Фергюсон Руниді бомбардир ретінде көрмегені сөзсіз. «Реалмен» өткен кездесуде сэр Алекс Робин Ван Персидің жанына Данни Уэлбекті қосуды жөн көрді, айта кетсек, сонымен қатар, қосалқы құрамда Хавьер Эрнандес те бар.
Руни өз мансабының қазіргі кезеңінде плеймейкер болуға да әуестенуде, алайда, бұл позиция байланысты «Юнайтедте» айтарлықтай күрделі проблема туындап отырған жоқ. Ал аптасына 300 мың фунт жалақы алатын ойыншыны қосалқы құрамда ұстап отыруға тіпті «қызыл сойқандардың» да шамасы келмейді.
Рунидің қазіргі жалақысын ескерсек, бұл ойыншыны бағып-қаға алатын тек бір-ақ команда бар – ПСЖ. The Guardian-ның хабарлауынша, «Манчестер Сити» 2010 жылдың қазан айында Руниға асқан қызығушылық білдірген екен. Алайда, қазіргі уақытта қаржы фейр-плей заңдарының қатаң болғандығынан «Сити» аталған шабуылшыны иеленуге үміткер саналмайды.
Қалай болғанда да «Юнайтед» ресми өкілдерінің бірде-бірі әзірге бұл сыбыс турасында ешқандай мәлімдеме жасамады. Ал Фергюсон болса «Реалмен» өткен кездесуден бері әлі үн-түнсіз.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: eldir.ru
Ж. FM