Еуропа лигасы. "Ертіс" жанкүйерлерін қуантты

Еуропа лигасы. "Ертіс" жанкүйерлерін қуантты

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары аяқталды. Еліміздің атынан сынға түсіп жатқан керекулік “Ертіс” өз алаңында босниялық “Широки Бриег” командасын 3:2 есебімен жеңсе, ал “Ақтөбе” Норвегияда “Хедд” футбол клубына 0:1 есебімен есе жіберіп алды.

Ертіс ерлік танытты

Еуропа лигасының алғашқы кезеңінде болгарлық “Левскиді” жарыс жолынан шығарған павлодарлық команда босниялық “Широки Бриегті” өз алаңында жеңіп, жанкүйерлерін қуантты. Алғашқы тайм басында қос команда терезесі тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетті. Ойынның 14 минутында қарсылас команда өз қақпасының маңында керекулік команданың өзбек легионері Ұлықбек Бақаевты ойын ережесін бұзумен тоқтатты. Айып добын Дмитрий Шомко сәтті орындап, есеп ашты. Осы голдан кейін босниялық команданың ойыны түзеле бастады. Алайда соңғы шешуші сәттерде өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай жатты.  Команда сапына жақында ғана “Жетісудан” ауысып келген Евгений Аверченко тәп-тәуір сауатты ойынымен көзге түсе білді. 41 минутта Евгенийдің шығарған пасын оңтайлы пайдаланған Игорь Юрин таблодағы есепті еселеді. Осы нәтижемен қос команда үзіліске кетті.

Екінші таймды “Широки Бриег” жойқын шабуылдарымен бастады. Ал жергілікті команданың алғашқы таймнан-ақ қорғанысы сыр беріп жатқанын сәтті пайдаланған Крешемич Кордич есепті қысқартты. Арада тағы он минут өтпей жатып алаңға жаңадан шыққан ойыншы Далибор Шилич есепті теңестірді. “Ертіс” бапкері Талғат Байсуфинов тығырықтан шығатын жол іздей бастады. Алаңға тыңнан ойыншы қосып, команданың жаңа серпінмен шабуылға шығуын көздеді. Бұл ойын матчтың 88 минутында жеңіс голын соққан Ғафуржан Сүйінбаев жүзеге асырды. Алаңға тыңнан қосылған Ғафуржан “Ертіске” жеңіс сыйлады. Енді қос команда арасындағы қарымта кездесу 25 шілде күні Босния және Герцеговинада өтеді.

                                                 

Ертіс (Қазақстан) – Широки Бриег (Босния және Герцеговина) 3:2 (2:0)

Гол: Шомко 14 (1:0), Юрин 40 (2:0), Кордич 56 (2:1), Шилич 64 (2:2), Сүйімбаев 86 (3:2)
Ескертулер: Чернышов 28, Говедарица 90 — Блаич 34, Ландека 53
«Ертіс»: Котляр, Чернышов, Говедарица, Кулибали, Шомко, Кучера, Аверченко (Суюмбаев 76), Мухутдинов, Бақаев, Юрин (Шабалин 69), Мурзоев
«Широки Бриег»: Билобрк, Джидич И., Блаич (Шилич 60), Маркович, Закарич (Марич М. 71), Ландека, Вагнер (Чорич 90), Плазонич, Любич, Кордич
Бас төреші: Павел Рачковски (Польша)
Павлодар. Орталық стадион.

                                                               

Владимир Никитенко: « Бізге өзбек легионерлері жетіспеді»

Еурокубок жолында еліміздің клубтары норвегиялық командалармен екі рет кездескен-ді. Екі кездесу де танымал “Русенборг” футбол ұжымына қарсы ойын болатын . 2007 жылы чемпиондар лигасының іріктеу аясында “Астана”  тронхеймдік командаға үлкен есеп айырмасымен есе жіберген-ді. Ал өткен жылы Еуропа лигасында шымкенттік “Ордабасы” командасы дәл осы «Русенборгтен» соңғы минутта гол жіберіп алып, опық жеген-ді. Енді биылғы Еуропа лигасының аясында “Ақтөбенің” жолы “Хеддпен” түйісті.

Ульстенвейк қаласында өткен алғашқы кездесуде “Ақтөбе” жеңіліс тапты. Жергілікті команда сапынан жеңіс голын салған 21 жасар Эспен Стандаль болды. Енді 25 шілде күні “Ақтөбе” өз алаңында қарымта кездесу өткізеді. Владимир Никитенко шәкірттері екінші кездесу де аянып қалмасы анық. Өз алаңында команда толық құрамда негізгі ойыншылармен ойын өрнегін көрсетеді. Өйткені команданың негізгі қозғаушы күшіне айналып жүрген өзбек легионерлері Тимур Кападзе мен Александр Гейнрих бұл ойынға қатыспаған болатын. Ойын соңындағы пресс-конференцияда ақтөбелік команданың бас бапкері Владимир Никитенко:

                                                                  

Бізге тең ойын болғанда жақсы болар еді. Алғашқы таймда қос команда да мүмкіндіктер болды. Хедд пайдалана білді. Ал біз пайдалана алмадық. Тәжірибе аздау болды. Бізге өзбек легионерлері жетіспеді. Олар шабуылды жылдам ұйымдастыруға күш салатын еді. Бірақ біз әлі ештеңе жоғалтқан жоқпыз. Қарымта кездесу бар-деп мәлімдеді.

“Ақтөбе” мен  “Хедд” арасындағы қарымта кездесу  25 шілде күні Ақтөбе қаласында өтеді.

«Хедд» (Хедд, Норвегия) — «Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан) 1:0 (1:0)
Гол: Стандаль 28 (1:0)
Ескертулер: Эурнес 70 — Логвиненко 50
«Хедд»: Лье, Латифу, Тёрнквист (к), Молту, Брандаль, Нильсен, Эурсенс, Сандаль, Хелланд (Рекдаль 90), Стандаль (Эртсос 78), Магнуссен
«Ақтөбе»: Сидельников, Мулдаров, Харабара, Бадло (к), Давыдов (Лисенков 82), Хайруллин, Примус, Тағыберген (Мирошниченко 46), Кенжисариев, Логвиненко, Ковальчук
Бас төреші: Ставрос Трицонис (Грекия)
18 шілде. Ульстейнвик. «Ходдволль». 

суреттер: vk.com

Автор: Өмірбек Сансызбай

О. Сансызбай