Балотелли Конфедерация Кубогының жартылай финалына қатыса алмайтын болды

Балотелли Конфедерация Кубогының жартылай финалына қатыса алмайтын болды

Футболдан Италия құрама командасының шабуылшысы Марио Балотелли Испаниямен болатын Конфедерация Кубогының жартылай финалына қатыса алмайтын болды. Бұл туралы Италия футбол федерациясының ресми сайтында хабарланды. 

"Милан" клубының аты шулы шабуылшысы Бразилиямен болған ойында (2:4) жарақат алып қалды. Кейін медициналық тексерістен кейін белгілі болғаны футболшының сол аяғындағы бұлшықеттері жыртылып кеткен екен. Сондықтан оның жартылай финалда Еуропа және әлем чемпиондарына қарсы матчқа қатыспайтыны алдын-ала белгілі болып отыр. 

Алайда Италия құрама командасының бапкері Чезаре Пранделли Балотеллиді құрамадан түпкілікті алып тастауды жоспарлап отырған жоқ. Егер команда жартылай финалда жеңіске жетсе, ол финалдық матчқа қатысуы әбден мүмкін. Немесе керісінше, жартылай финалда Италия жеңіліске ұшыраған күннің өзінде, Марио үшінші орын үшін өтетін матчта бой көрсетуі ғажап емес. 

Осыған дейін Балотеллиден бөлек, Италия командасы қорғаушы Иньяцио Абатені де жарақатына байланысты жоғалтқан еді. Одан бөлек, жартылай қорғаушылар Андреа Пирло мен Риккардо Монтоливоның да келесі матчқа қатысуы белгісіз болып отыр. 

Естеріңізге салсақ, Конфедерация Кубогының жартылай финалдағы Испания - Италия матчы 27-маусым күні Форталезедегі "Кастелан" аренасында өтеді. Ал екінші жартылай финалда алаң иелері Бразилия құрамасы Уругваймен финалдық жолдаманы сарапқа салады. 

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: newswhip.com

Б. Қосмағамбет