Конфедерация Кубогы аяқсыз қалуы мүмкін

Конфедерация Кубогы аяқсыз қалуы мүмкін

Бразилиялық БАҚ өкілдері "елде соңғы кезде футболға қарсы өтіп жатқан қарсылық акциялары салдарынан кейбір ұлттық құрамалар "футбол елін" тастап кетуі мүмкін" деген ақпарат таратты. Олардың жазуынша, сол қатарда алғашқылардың бірі болып Италия құрамасының аты аталды.

Конфедерация Кубогы аясында Нигерия мен Уругвай (2:1) арасында өткен матч қарсаңында Бразилияның Сальвадор қаласы жаппай наразылық акцияларына душар болды. Ел үкіметінің матчтарға жұмсап жатқан қаржы сомасының көптігіне наразылық білдірген халық матч өтіп жатқан кезде стадионға кіруге талпынған. Алайда оларды арнайы жасақталған полиция әзер тоқтатқан көрінеді. Одан бөлек, ашынған халық футбол ассоциацияларының Халықаралық федерациясы (ФИФА) мүшелерін тасымалдап жүрген автобусқа тас лақтырса, тағы бір топ адам ФИФА өкілдері жатқан отельді басып алуға талпынған. Ол кезде де полиция жасағы халықты тоқтатып үлгерді. 

Бастапқыда қарсылық акцияларын өткізушілердің көбі көшеге бейбіт түрде шықса, кейін ол жастардың бұзақылық іс-әрекеттеріне жалғасқан. Айта кетейік, халық қойып отырған талаптар тек әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған. Мысалы олар ФИФА турнирлерін өткізуге арналған шығындардың көптігін сынға алып, оның орнына денсаулық сақтау мен білім мекемелерін салуды талап етіп отыр.    

Алайда ФИФА әзірге турнирді жалғастыра беруге ниетті. "Біз Бразилия билігіне сенеміз. Барлық мәселелер жақын арада шешіледі деп үміттенеміз",-дейді ұйымдастыру алқасының мүшесі Делия Фишер. 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: susanin.udm.ru

Б. Қосмағамбет