Мұхаммед Әли алғаш жеңілгенде киген қолғап сатылды

Мұхаммед Әли алғаш жеңілгенде киген қолғап сатылды

Кассиус Клей, ал біз Мұхаммед Әли деп танитын тарихтағы ең даңқты боксшы алғаш рет жеңілген жекпе-жегінде киіп шыққан қолғап аукционда сатылды.

АҚШ-тағы аукционда бокс қолғабы 388 мың долларға бағаланған. Бұл қолғапты Мұхаммед Әли 1971 жылы әйгілі Джо Фрейзерге қарсы кездесуге киіп шыққан екен. Ғасыр жекпе-жегіне баланған рингтегі шайқаста даңқты былғары қолғап шебері жеңіліс тапқан болатын.

- Бұл қолғап әйгілі шебер Сэмми Фрейгер қолынан шыққан. Оған Мұхаммед Әлидің өзі арнайы тапсырыс берген, - деді қолғапты сатушы Ной Флайшер. Аукцион алдында сатушы қолғапқа боксшының бапкері Анджело Дандидың да қолын қойдыруды ұмытпапты.

Естеріңізге сала кетсек, ақпан айында Мұхаммед Әлидің жарқын жеңістерінің бірі Сонни Листонға қарсы киіп шыққан қолғабы 836 мың АҚШ долларына сатылған болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: rbc.ru

О. Сансызбай