Сочидегі жаңа спорт түрлері

Сочидегі жаңа спорт түрлері

Әлем жұртшылығы Сочи Олимпиадасын асыға күтіп отырғаны белгілі. Ал ақ Олимпиаданы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шаңғы спорты және биатлонсыз елестету мүмкін де емес. Әр төрт жыл сайын өтетін додаға жаңа өзгерістер мен спорттың жаңа түрлері де қосылып отырады. Ендеше Ресей жерінде өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарына енген спорт түрлерімен таныстыруды жөн санап отырмыз.

Әйелдердің шаңғымен тұғырдан секіруі (трамплин)


Шаңғымен тұғырдан секіру спорты ақ Олимпиадаға осыдан 90 жыл бұрын енген. Ал осыған дейінгі сындарда ерлер ғана бақ сынап келді. Енді олардың қатарына әйелдер де қосылды. 2011 жылдың сәуір айында Халықаралық Олимпиада комитеті қыздарға да шаңғымен тұғырдан секіруге рұқсат берген болатын. Сочи Олимпиадасынан бастап жүлделер таратылатын болды.

Мәнерлеп сырғанаудан командалық сайыс


Мәнерлеп сырғанау – Олимпиада ойындарындағы қызықты да, тартысты спорт түрінің бірі. 2010 жылы Ванкуверде өткен ойындарда бұл спорт түрінен 4 медальдар жиынтығы сарапқа салынса, Сочиде 5-ке жетіп отыр. Бесінші болып - мәнерлеп сырғанаудан командалық сайыс қосылды. Ресей жерінде өтетін додаға әлемнің 10 үздік құрамасы қатысатын болып шешілді. Команда құрамы 6 спортшыдан тұрады.

Шанамен сырғанаудан командалық жарыс


Сочи Олимпиадасында алғаш рет шанамен сырғанаудан командалық жарыс спорты еніп отыр.

Фристайл-хаф пайп 


Фристайл-хафпайп та Сочидегі жаңа спорт түрлерінің бірі. Сноубордтағы хафпайп Олимпиада ойындарындағы жүлделерін 1998 жылдан бастап таратып келе жатса, фристайл-хафпайп енді ғана еніп отыр.

 Биатлондағы аралас эстафета


Биатлондағы ең жас спорт түрі болып саналатын аралас эстафета Сочи Олимпиадасы бағдарламасына енді. Командада екі ер мен екі әйел бақ сынайды. Бұл спорт түріндегі алғашқы жүлделер 2005 жылы Ханты-Мансийск (Ресей) қаласында өткен Әлем чемпионатында таратылды.


Сонымен қатар, ХХІІ қысқы Сочи Олимпиада ойындарына сноуборд пен фристайлдағы слоупстайл және сноубордтағы командалық параллельді слалом жарыстары еніп отыр. 

Естеріңізге сала кетсек, Ресей жеріндегі ақ Олимпиада 7-23 ақпан аралығында өтеді. Қазіргі таңда спортшылардың алғашқы легі Сочиге ат басын бұрып та үлгерді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: eurosport.ru

О. Сансызбай