- Негізгі бет
- РИО-2016
- Қазақстандық балуандарға қола...
Қазақстандық балуандарға қола жүлде бұйырмады
Еркін күрестен бүгін жарыс жолына шыққан қазақстандық балуандарға жүлде бұйырмады. Ғалымжан Өсербаев қола жүлдеге таласта, Нұрислам Сана жұбаныш белдесуде қарсыластарынан айласын асыра алмады.
74 келіге дейінгі салмақта боз кілемге шыққан Ғалымжан Өсербаев Олимпиада ойындарын сәтті бастағанмен, шешуші белдесулерінде қарсыластарына есе жіберіп алды. Жартылай финалда Иран елінің балуаны Хасан Язданиға ұтылып, финалға шыға алмады. Ол оған дейін бірінші кездесуінде молдовалық Евгений Недялконы айқын басымдықпен ұтқан еді. 1/8 финалда Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері кубалық Ливан Лопеспен белдесіп, 8:7 есебімен айласын асырған-ды. Ширек финалда жапон балуаны Сосуке Такатанимен кездесіп, 4:3 есебімен жеңіп шыққан болатын. Өкінішке орай, Ғалымжан Өсербаев қола жүлдеге таласта түрік балуаны Сонер Дмитрашқа ұтылып, жүлдесіз қалды.
Ал 57 келіге дейінгі салмақта боз кілемге шыққан Нұрислам Сана қола жүлдеге талас жолындағы жұбаныш белдесуде әзірбайжан балуаны Гаджи Алиевке есе жіберіп алды. Екі дүркін әлем чемпионына қарсы белдесуде отандасымыз 10:8 есебімен ұтылды. Дегенмен төрешілер қазақстандық спортшының бірнеше ұпайын есептемегендей көрінген. Бірақ Нұрислам Санаевтың жаттықтырушылары төрешілерге шағым түсірген жоқ.
Айта кетейік, кеше еркін күрестен әйелдер құрамасы ұлттық құрама қоржынына 1 күміс 2 қола жүлде салған болатын.
О. Сансызбай