- Негізгі бет
- РИО-2016
- Ниджат Рахимов -...
Ниджат Рахимов - Олимпиада чемпионы!
Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Қазақстандық ауыр атлет Ниджат Рахимов Олимпиада чемпионы атанды.
77 келіге дейінгі салмақта Ниджат Рахимов жұлқа көтеру жаттығуын 160 келіден бастады. Екінші мүмкіндігінде 165 келіні көтерді. Ал үшіншісінде 168 келіге тапсырыс беріп, бұл салмақты ырқына бағындыра алмады.
Жұлқа көтеру жаттығуының қорытындысы бойынша қытайлық Ляй Сяоцзюнь 177 келіні көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Екінші орында армян спортшысы Андраник Карапетян жайғасты. Ол 174 келіні басынан асырды.
Серпе көтеру жаттығуын Ниджат Рахимов 202 келіден бастады. Бұл зілтемірді басынан асыра көтеріп, тікесінен тік тұрды. Басты қарсыласы саналған қытайлықтың серпе көтерудегі нәтижесі 202 келімен шектелді. Нәтижесінде қазақстандық спортшы мен бапкерлері тәуекелге барып, 214 келіге тапсырыс берді. Бұл салмақты Ниджат Рахимов бар күш-жігерін сала көтеріп, чемпион атанды. Чемпион атанып қана қоймай, серпе жаттығуда әлем рекордын жаңартты. Ляй Сяоцзюнь де қос жаттығу қорытындысында 379 келіні көтерген еді. Бірақ қазақстандық спортшы қарсыласынан жеңіл болып шықты.
Ал армян спортшысы Андраник Карапетян екінші жаттығуында жарақат алып, жарыс жолынан шығып қалды. Қола мысырлық ауыр атлет Мұхаммед Махмұдқа (361 келі) бұйырды.
Айта кетейік, Неджат Рахимов Қазақстан құрамасына Әзірбайжаннан келген легионер спортшы. Ол 2010 жылы аталған елдің туының астында жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанған. 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екінші орын алса, Қазандағы Универсиадада жолы болмаған. Неджаттың Қазақстан құрамасы сапына қосылатыны туралы ақпарат алғаш рет 2014 жылы айтылып, сол жылы командаға қосылған еді.
О. Сансызбай