«Той қазан» – нағыз той қазаны

«Той қазан» – нағыз той қазаны

Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты «Алатау» шаңғы-биатлон кешенінде «Той қазан-2015» ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылды. Таза ауада, тамылжыған табиғат аясында иісі танауыңды тесетін түрлі тағам даярланған жерді құдды жұмақ дерсіз. 

Алматы облысы әкімшілігі және ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі қолдауымен «Парыз» қайырымдылық қоры ұйымдастырған шараға Қазақстан географиялық қоғамы, «Беккер и К» компаниясы демеушілік еттіБұл фестиваль Орталық Азия және ТМД аймағында ұйымдастырылған ауқымды шаралардың алдыңғы қатарынын көрінді.

Ұлттық дәстүрді дәріптейтін сахналық қойылымдар өзге ұлттан құралған басқа да отандастарымыздың көкжиегін кеңейтіп, тұрғылықты жерінің мәдениетін таныған үстіне таныта түсті. Мазасыз заманда алаңсыз мызғи беретін меймандар бір сәт өткен ғасырға сапар шегіп келгендей болды.

Әр жерден будақтап шыққан түтін де аспан мен жерді жалғап тұр. Қалада жүріп ауыл дәмін, әжесінің ыстық бауырсағын сағынған жұртшылық бір мезгіл мауқын басқандай.

Әр жерде әр ұлт өкілі бір анадан туғандай тату да бейбіт түрде өз асханасының тағамын бар ынты-шынтысымен даярлап жатыр. Болғанынан боладысы қызық тойдың ортасында жүргендей, тамақтар піспей жатып, иісіне тойып қаласың.

«Той қазан» ұлттық тағамдар фестивалін ұйымдастырушы, Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықовтың айтуынша, шараның басты мақсаты – ұлттық тағам мен салт-дәстүрдің абыройын асқақтатып, ұлт мәдениетін жоғары деңгейге көтеру және насихаттау.

"Бүгінгі күні қазақ дастарханынан қазы мен жал-жая ғана емес, украиндердің борщ тағамын, орыстардың тұшпарасын, кәрістердің куксиі мен ұйғырлардың лағманын татамыз. Фестивальдің негізгі мақсаты – біздің ерекшелігімізді көрсету", - деді оргкомитеттің төрағасы Ерлан Стамбеков.

Фестивальде қазақ асханасының етбауырсаққуырдақ және басқа да тағамдарын дайындау үшін мен деген аспазшылар барын салды. Той қазаны – мереке символы.

Табиғат аясы адамға кәсіби шеберлігінің кемелдігіне жететін шалқар шабыт, сетер сезім, оралымды ой сыйлайды. Оған қоса, қызу қызметпен қайнаған қаладан өзіңді босатып, миыңды тынықтырып, бойыңды шынықтыруға сеп болады.

Той қазан ошақтарында ерекше тағамдар дайындалды. Солардың бірі – шоққа піскен қой еті. Тіпті, пісіп дайын болғанша қасынан кетпей күткендердер де болды.

Ұлттық шарада асқазанның қамын жасайтын тағамдармен қатар, ақылдың қуатын арттырар кітаптар да назардан тыс қалмады. "KitapFest" фестивалі қалың қауымның сұранысына ие болғандықтан, тағы да ұйымдастырылып, осыдан жарты ай бұрын ғана өтсе де, жұртты жалықтырмады. 

Ата дәстүрін қаймағын бұзбай сақтаған қазақ халқы қолөнер кәсібінен де қол үзбей келеді. Үй тұрмысының ажырамас айшығына айналдырып, әр бұйымға қазақы нақышпен ою-өрнек салу сәнге айналып, сұранысқа ие болды. Ұлттық құндылықтарымыздың қарыштаған бағасына қарамай, алушылар әрдайым табылады.

Қазір дүкен сөрелерінде жат елдік қуыршақтар азайып бара жатқаны қуантады. Оған себеп – елімізде енді қазақы үлгідегі қуыршақтарға деген қызығушылықтың артуы.

Күмбірлеген домбыра мен сызылтып салған ән үнін тек сахнадан емес, әр жерлерден ести аласыз. Бүгінгі кешке жиылған қонақтарымыз өз араларында ән шырқап, күй шертіп, өнерлерін ортаға салды.

Жаңбыр да басылар емес. Бірі тойғанынан, енді бірі тоңғанынан секірді. Дегенмен, жаңбырдың жауғаны кешті одан әрі қыздыра түскендей.

Сарғайған жапырақ пен нөсерлеген жауын күз келгенін ел есіне салды. Ауа райының тентек мінезіне төпеп беріп, жоспарланған шараны өз деңгейінде өткізген ұйымдастырушылар ерледі.

Сурет: Massaget.kz