Бір аптадан кейін: Селден зардап шеккендердің жағдайы

Бір аптадан кейін: Селден зардап шеккендердің жағдайы

23 шілдеге қараған түні Алматының Наурызбай ауданында сел жүрді. Қарғалы өзенінің су деңгейі көтерілгендіктен "Қарағайлы" және "Таусамалы" ықшамдаудандарын ішінара су басты. Аталған оқиға орын алғанан кейін, араға апта салып бақылып қайтуды жөн көрдік. 

Таңның атысымен еріктілер штабының маңына жиналған асар жасаушылар тез арада жинала бастады. 

Көмек қолын зозуға келген жандар тез арада аты-жөндерін тізімге қалдырып, арнайы берілетін киімдер мен құралдарды алуға кірісті.

Барлық жасақталған адам арнайы топ-топқа бөлініп, қайранға батқан үйлерді тазалауға жөнелді. 

"Қарағайлы" елдімекені мектебінің жағдайы мәз емес. Мектептің айналасы түгелімен лай. Бұл жерде арнайы техникалармен қоса, еріктілер де етек-жеңді түріп тастап, еңбек етуде.   

Жүріп жатқан жұмысты арнайы бақылауға Алматы қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Санжар Боқаев та келген екен.

"Қарғалы" өзені селден кейін арнайы биік-биік тастармен қоршалып, ондағы су деңгейі төмен түскен. Бірақ, қазірдің өзінде осы бір кішкене өзеннен лай судың ағуы әлі толастар емес.   

Газ трубалары мен ауыз су құбырлары қирап, істен шыққан болатын. Алайда техниканың барлық түрі жұмылдырылғандықтан, құбырлар жөнделуде. 

Өзенге жақын орналасқан үйлер сыртын ғана емес, ішінде әлі толықтай тазалап бітпеген. Себебі су аралас келген лай топырақ аласа келген үйлердің барлығына тегіс кірген. 

Өз еркімен асарласуға келген мына бір ер жігіт халқына қиналғанда қол ұшын беруі өзінің азаматтық борышы екенін жасырмады. 

Селден кейін бір апта тазартылмай тұрған жертөленің бетіне су жиналып, батпағы төмен түскен екен. 

 
Тазартылған жертөлесін көріп, бір қуанып қалған қарт апамыз еріктілерге алғысын жаудыруда.

Ауыр болса да арба сүйреп, асарласуға келген мына бір екі қызға тек қиналған халық емес, еріктілердің өзі алғыс айтуда. 

Көше бойында тұрған мына бір жүрмейтін көліктің қаңқасы толығымен батпаққа көміліп қалған екен.  

 
Көмек қолын созғандарға алғыстарын жаудырған зардап шеккен үйдің иелері әкелінген тағамдарды бөліп алуда.

Мектеп жасындағы жеткіншектер келіп түскен заттарды халыққа таратуға көмектесіп жүр. 

"Қызыл жарты ай" ұйымы да Алматының зардап шеккен аумағына көмек қолын созуды жөн көріпті. 

Бұдан бөлек, өздерінің мүмкіндіктеріне қарай ақша шығарып, азық-түлік таратып жүрген жандарды да осы жерден кездестіруге болады. 

Барлық жағдайды бағамдап, жұмыс жасап жатқандар мен зардап шеккен халықтың денсаулығын тексеріп, дәрігерлер де көше кезіп жүр.