"Жұлдыз FM" туған күнді қалай атап өтті?

"Жұлдыз FM" туған күнді қалай атап өтті?

Бүгін "Жұлдыз FM" радиосының ашылғанына тура 3 жыл толды. Тыңдармандарын сапалы контентпен жаулап алған радио осы 3 жыл ішінде біраз жетістіктерге жетті. Осы атаулы күнді естелік ретінде сақтап қалу үшін Massaget.kz порталы шағын фоторепортаж ұсынып отыр. Қабыл алыңыздар!

Бұл күн өзге күндерден ерекше. Себебі осы ұжымның құрылғанына тура 3 жыл толды. "Туған күнде" таңғы 8.00-ден түнгі 12.00-ге дейін аяқтарынан тік тұрып қызмет етіп жүрген әріптестерімізді елге танымал жұлдыздар құттықтап келіп жатыр.

Әсем даусымен елітетін Анар Мыңбаеваның жүзінен-ақ бұл күннің ерекше екені көрініп тұр. Себебі сүйікті радиосының атаулы мейрамында мыңдаған хат пен тілектерді оқып бітіру мүмкін емес.

Халыққа "қазақтың қарапайым жігіті" деп танылып кеткен Жасұлан Қали де келген қонақтарға төрден орын беріп, ақжарма тілектерін тыңдаудан шаршамады.

Massaget.kz жастар порталының Бас редакторы Ербол Жұмабайұлы да сол қонақтардың қатарынан табылды. Радиоға деген ниетін, ұжымға деген тілегін, тыңдармандарға деген алғысын білдіріп жатты.

Оған қоса, ұжым атынан мынадай тәтті сый тарту етті. Дәмін татып көру керек еді, ә! Жұлдыз FM-діктер, тәтті ме?!

Ал эфирдің "асханасы" – тура мына жерде. Музыкамен әрлеу, дауысты реттеу, камераны бақылау деген секілді ең маңызды жұмыстар осы жерде қайнап жатыр. Бұл мамандар – "сахна сыртындағы қаһармандар".

Келген қонақтардың санында шек жоқ. Міне, Жігер Ауыпбаев та эфирге кіретін уақытын күтіп тұр.

Ғаділбек Жаңай мен Айқын Төлепберген жүргізушілер мен тыңдармандарды бір қызықты әңгімемен күлдіріп отырған сәт. Иә, бұл күні дәл осы эфирде тек көңілді әңгімелер мен ақ тілектер айтылуы тиіс.

Міне, осындай ұжымның мерейлі қуанышы аталып өтуде. Дәл қазір эфирде Ринат Заитов, Руфат Маратұлы, Дәурен Сейтжан және Жасұлан Базарбаев отыр. Бір думанды әңгіме болып жатқаны белгілі. Әлі келетін қонақтар көп.

Олай болса, әріптестер! Тағы да мерейлі күндеріңіз құтты болсын дейміз!