Теңізің қайда, әктасты Ақтау?

Теңізің қайда, әктасты Ақтау?

"Outfitter Kz" бастамасымен Massaget.kz тілшілері Алтынемел ұлттық табиғи саябағына барып қайтқанын осыған дейінгі фоторепортажымызда айтқан болатынбыз. Сол репортаждың жалғасына назар салыңыздар. Бұл жолғы әңгімеміз Алтынемелдегі таңғажайып әктасты Ақтау жоталарына арналмақ.

Ақтау – түрлі түске боялған бордан тұратын жоталар атауы. Іле өзенінің теріскейінде орналасқан бұл жоталар бірінші кезекте өзге жерлерде кездеспейтін көркем көріністерімен ерекшеленеді. Зерттеушілердің айтуы бойынша, мұнда осыдан мыңдаған жыл бұрын үлкен теңіз болған екен. Уақыт өте теңіз кеуіп, оның орнында қалған саз шөгінділері өзен мен желдің әсерінен қазіргі ерекше пішініне ие болған.

Экспедиция Ақтауға жеткенде күн ұясына батуға жақын еді. Экспедиция мүшелері шатқал арасына кірер тұста қойылған арнайы күркелердің маңына жайғасқан көліктерден керек-жарақтың бәрін түсіріп, тез арада жатын орындарын дайындауға кірісті.

Қарбалас кез болса да, мұндағы табиғаттың әсем көрінісіне сүйсінбеу мүмкін емес болатын. Жұмыстарын аяқтаған ел айналаны шолып қайтудан да бас тартпады.

Артынша олар қас қараймай тұрып от жағып, кешкі ас қамын ойластыруды жөн санады. Әдеттегідей ошақ қасында ұзақ әңгіме айтылып, келер күнге жоспар құрылды. Жоспар біреу – Ақтауды аралау.

Бұл маңдағы таң – тіпті ғажап. Күн ұясынан көтерілер тұста айнала түрлі түске боялып, құпиясы көп жоталарды әрлей түседі. Ерте оянып, осы көріністің куәсі болған жұрт таңғы астарын іше сала жолға шығуға асықты. 

Алайда, асық-асықпа, Ақтауды бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Ұзындығы он бес, ені бес шақырымнан асатын шатқал іші лабиринт іспеттес. Сол себепті де мұнда жалғыз серуендеу қауіпті. 

Жабайы аңдарға жолыққандарды айтпағанда, ішінде адасып кетіп, қайтар жолды таппай қалған туристер саны көп. Солардың тағдырын қайталамас үшін топтасып және адастырмайтын арнайы белгілері бар жолмен жүрген абзал деседі білгіштер.

Олардың айтуынша, ең тиімдісі – кепкен өзеннің аңғарына түсіп, соның бойынан алыстамау екен. Барарда да, қайтарда да бір жолмен жүру қажет.

Бастарына артық бәле тілеп алмас үшін, экспедиция мүшелері осы ұсынылған әдісті таңдап, өзен аңғарының ішімен жүрді. Жолай олар көптеген қызыққа тап болды.

Сондай қызықтың бірі – мына жота. Оны көпшілік "Киіз үй" деп атап кеткен екен.

"Киіз үй" көпшіліктің ерекше қызығушылығын туғызды. Оны тек еріншектер ғана суретке түсірмеді десек болар. Ал еріншектер мұндай экспедицияларға шықпайтынын ескерсек, бұл жотаны... (түсінген боларсыздар)

Жалпы, Ақтауды көрмеген жандар атауына қарап, ол тек ақ түсті деп ойлауы мүмкін. Алайда, олай емес.

Аспан астындағы геологиялық мұражай есептелетін бұл жердегі жоталар алыстан қарағанда ғана ақ болып көрінеді. Ал жақындағанда алуан түске боялады.

Түстердің алуандығын шөгінділердің түрлі кезеңдерге және түрлі жыныстарға жататындығымен түсіндіруге болады.

Арасында мынадай жылтырақтар да кездеседі. Қателеспесем, бұл – кварц.

Аңғар ішімен жүрген сайын, ондағы көрініс те жиі өзгеріп тұрады.

Бірде ол Шарын шатқалдарын еске салады.

Енді бірде Маңғыстаудағы Үстіртке ұқсап кетеді.

Десе де бұл жердің өзіне тән ерекшелігі де жоқ емес.

Оған ұзақ жүрсе де әр қадам сайын "Пах-пах" деуден шаршамаған экспедиция мүшелерінің алған әсері дәлел болса керек.

Айта кетерлігі, көпшілік бірнеше шақырым жүргеннен кейін жоталардың біріне көтеріліп, айналаны биіктіктен тамашалап көруді ұйғарды.

Дегенмен, бұл оңай шаруа болмай шықты. Бір қарағанда жұмыртқа салатын қорапқа ұқсайтын жұмсақ жер беті төбеге көтерілген адамдарды төменге сырғанатып, әлекке салды.

Бірінші кезекте өздерін жеңіп, жоғарыға шыққандарды ғажап көрініс күтіп тұр екен. Бұл жерден қарағанда айнала мүлде басқа кейіпке енді. 

Шатқалдың қаншалықты алып екенін көпшілік осында тұрып сезінді.

Түске таман күн ыси бастады. Ақтауда адам көлеңкелейтін өсімдік болмаған соң, ыстықтаған жұрт жар түбіне тығылумен жүрді.

Күн тас төбеге көтеріліп, ішер су таусылуға жақындағанда экспедиция басшысы Азамат Мұхаметжанов тұраққа қайту туралы шешім қабылдады.

Қайтар жол да қызыққа кенде болмады. Ел байқамай өтіп кеткен дүниелерін көріп, одан әрмен әсерлене түсті.

Ал тұраққа жете салысымен түскі тамақтарын ішіп, Алматыға аттануға дайындалды.

Сөйтіп, Алтынемелге жасалған үш күндік экспедиция да өз мәресіне жетті. Экспедиция мүшелері атауын Шыңғыс ханның өзі қойып кеткен бұл мекенмен қимай қоштасты. Жол бойы табиғаттың ғажап көріністерінен алған әсерлерімен бөлісіп, еліміздегі туризм мәселесін талқылаған олар қалаға жеткенде күн ұясына батуға жақын еді...