Сайын Мұратбеков әңгімелеріндегі жазушылық сарын

Сайын Мұратбеков әңгімелеріндегі жазушылық сарын
Фото: Түркістан

Мектеп қабырғасында жүргенде шынайы әсер алып, ішіне еніп оқитын шығармалардың авторының бірі – Сайын Мұратбеков. Ол шындықтың ауылынан алыстамай, ақиқатты әдемі суреттей білген жазушылардың бірі де бірегейі. Проза жазуда әр автордың өзіндік стилі, әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар. Сайын Мұратбеков лирикалық проза жанрын қазақ әдебиетінде біршама жоғары көтере білді. Жазушы үшін творчестволық тәсіл мен дарын қуатының  маңызы өте жоғары. Екі нәрсе бір-бірімен үнемі үйлесім таба білуі шарт. Сайын Мұратбеков шығармаларында аталған екі нәрсе де заңды түрде жарасым табады.

Мұратбеков шығармаларының өзекті тақырыбы немесе көтерер мәселесі ауыл өмірі, халық санасындағы Ұлы Отан соғысының ауыр таптары мен қиындықтары, таза да мөлдір махаббат үшін болған күрес, маңдайға жазған тағдыр теперішін қайыспай көтере білген аналар қайсарлығы, еңбектің өнімі, адамзат жан-дүниесіндегі құндылықтар екені мәлім. Аталмыш сюжеттердің көрінісін философиялық оймен де, эмоционалды әсермен де барынша шынайы жеткізеді.

Автордың алғашқы әңгімелерінің бірі – "Менің қарындасым". Адам бойындағы тазалық, адалдық қалпын өзіндік штрихтары арқылы өте жақсы берген. Сонымен қатар Мұратбеков шығармаларындағы кейіпкерлер бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Оқудан келген студент жігіт қарындасының бойынан қыз балаға тән өзгерісті аңғара алуы, дәл сол сипатты, психологиялық кезеңді өзгеше жеткізуі, өзінің рухани тұрғыдан сілкіне алғанын көркем тілмен жаза алуы – автордың шеберлігі. Әңгімелер желісіндегі баяндау тәсілі бірдей болғанымен, психологиялық ситуациялардың нағыз жазушыға тән кәсібилікпен суреттелетінін айтсақ ағаттық емес. Автордың кез келген қаһарманы қазақы болмысты игерген, ұлттық характерге бай, лиризм өрнектерін тереңнен сіңірген сапалы образдар.

Жазушының "Райгүл" әңгімесіндегі басты кейіпкер болмысы Әлима бейнесімен бір табан жақын.  Райгүл образын Б.Майлин, Ғ.Мүсірепов шығармаларымен салыстыра отырып, прообраз ретінде алсақ, жазушының қаламгерлік интуициясын, пластикалық бейнелеу құдіретін, өзіндік стиль бедерін оңай аңғарамыз.

Лиризмнің өзі өмірге деген тұрақты махаббаттан, шексіз сағыныштан, шынайы болмыстан, адалдықтан тұрады. Демек, Сайын Мұратбековтің ой-сезім полифониясы да осы құндылықтарды толық игерген. Аталмыш құндылықтардың барлығын бір түйінге бағындыра отырып, "Жабайы алма" повесін жазды. Повесть желісі де, қойылған тақырып та, шығарманың мазмұны да шынайы жан толқынысымен, нәзік лиризммен суреттеледі.

Сайын Мұратбеков қысқа ғұмырында роман жазған жоқ. Оның кез келген шағын әңгімесі романға татырлық ұлы туынды.

"Қысқы кеш", "Отау үй", "Алғашқы қар", "Кәментоғай" секілді әңгімелерінде пейзаж ұтымды қолданылса, осы шығармаларға арқау ретіндегі кейіпкер образдарын ашуға эмоционалды-экспрессивтік штрихтарды өте жақсы пайдаланған. Көп жағдайда өзіне тән, яғни жазушылық "фишка" есебінде, портреттік штрихтарды жиі қолданады. Оны біз "Күсен-Күсекедегі"  басты кейіпкер Күсен бейнесінен көре аламыз. Күсенді сөйлеткенде монолог тәсілін, соның ішінде адрестік репликалардағы ашық монологтық сипатты, адами шынайы реакцияларды, образдық таза ракурстарды анық жазады. Қысқа репликалы ішкі сөздер ағымының жиынтығы, субьектілік сфералар – жазушының  басты компоненттері.

Сайын Мұратбеков сыршыл лиризмді өз пайымдауымен, сезім азабын өз тебіренісімен, заман шындығын нақты көрініспен бере білген классик жазушы. Оның әңгімелерін адамшылық пен аяушылық жыры, махаббат пен сұлулық дастаны дегеніміз дұрыс.

Ә. Жутаева