Шәкәрім лирикасындағы әлеуметтік өмір шындығы

Шәкәрім лирикасындағы әлеуметтік өмір шындығы
Фото: www.bsh1.kz

Сөз өнері, тіршілік ағымы, заман тынысы, қоғам құрылысы, халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы туралы тамаша поэзия топтамасын қалдырған Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Данышпан ақын Абайдан үлгі-өнеге алып, философиялық және эстетикалық түсініктер тұжырымдаған, ақындықтың, адамгершіліктің алыбы Шәкәрімнің бізге қалдырған бай мұрасынан нәр алу біздің міндетіміз.

«Қапы өткізбе өмірдің бір сағатын,
Өкініші қалмайды кетсе ағатың,
Күні-түні тыным көрме, ғылым ізде,
Қалсын десең, артыңда адам атың», - дейді бабамыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің лирикаларында адам баласы үшін не керектің бәріне толық түсінік беріп, халқына бар жақсылықтың жолын көрсеткен ақын.

Шәкәрім өлеңдерінде «халқым», қазағым, туған елім» деген ұғымдар жиі ұшырасады. Қай шығармасын алсақ та, халқының мәдениеті, оқу-білім алу, шаруа тұрмысы жағынан айта келіп, бірлігі жарасқан ел болуға шақырады.

Дәл Абайдың айтқан «қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңіндегі ойды Шәкәрім де халқына жеткізеді.

«Бір ұрты май, бір ұрты қандар да бар,
Қой терісін жамылған жандар да бар,
Жазасызды жазалап атақ алып,
Ақ жүрексіп жүретін паңдар да бар», - деп күйінсе де, ақын айтудан, өнер шашудан жалықпайды, өйткені «Мен қайғы жедім ғой, қапы өтті дедім ғой, қазағым қам ойлан, сен де адам едің ғой» деп, қинала тілек артып тұрғаны байқалады.

Халқын достыққа, жолдастыққа, қайырымды болуға, адамгершілікке үндей отырып, адамның бір-біріне қатынасын, мінез-құлқын ашып, ұнамсыз жақтарын әшкерелеуде Шәкәрім тереңдікті, ғұламалықты байқатады. Өмірге көз жүгірте отырып, байлығына мастанып, кедейлерді кемсіне қарайтын адамдарды өткір сынап, екіжүзді адамдарды сатиралық юмормен әшкерелейді. Бұл ойлар ақынның «Қазағым, қам ойлан, сен де адам едің ғой», «Жуандар», «Партия адамдары», «Бай мен қонақ», «Бай мен кедей» т.б. өлеңдерінде аса данышпандықпен айтылады.

Шәкәрім ата-бабаларымыз, шешен-би, жырауларымыз, данышпан Абай сияқты ақындарымыз айтқан өсиетін тура, нақтылап айтатын келесі тақырыбы – еңбек туралы. Абай, Ыбырай секілді еңбектің қадірін түсінуге шақырған «Мал жинап», «Піскен мен Шикі» деген өлеңдерінде «Шикі» деп еңбек қадірін білмеген жатып ішер бай балаларын айтса, «Піскен» деп отырғаны туғаннан еңбекпен шұғылданған, еңбек арқылы алға ұмтылған, халқына қызмет еткен, адамгершілігі мол, жүрегі кімге болса да жылы жандар. Сондықтан «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген пікірді Шәкәрім де халқына ұран етіп жазған. Осы еңбек жастарды өнер-білімге, ғылымды меңгеруге апаратын тура жол, адастырмас ақыл, табар табысыңның қайнар көзі деп түсіндіреді. Әншілік, ақындық, білімпаздық, сазгерлікті де меңгерген Шәкәрім жастардан осы өнерден құр қалмауын талап етеді. «Жастар», «Ақындар», «Насихат» т.б. шығармаларында ғылым-білімнің өмірдің кілті екенін ерекше айтады да, эстетикалық сұлулықтан – өнер, ән мен күйден бос қалмауды «үйренуге қылма намыс, үйретуге болма көр» деп тұжырымдайды.

Қандай өлең жазса да халқының қамын ойлап, болашағын болжап, ақыл айтып, жол сызған Шәкәрім лирикаларында әлеуметтік шындықты көрсетуі – қазіргі жастарға да, дамып келе жатқан ғасыр қоғамына да қажетті өсиет, нақыл ұғым деп ұғамыз.

Ж. Исакаев