Қабдеш Жұмаділовтің кейіпкер, портрет, пейзаж жасау ерекшелігі

Қабдеш Жұмаділовтің кейіпкер, портрет, пейзаж жасау ерекшелігі
Фото: azattyq.org

Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы сөз еткенде оның тіл ерекшелігіне, көркем тілінің айшық бедеріне тоқтамау мүмкін емес. «Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей – теңіз бай қазынасын мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңденулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет... Сонда ғана жазушы әр сөзді таңдап, талғап тауып, ойды анық, сезімді нәзік жеткізер тың және тартымды суреттер жасай алады».

Қаламгердің шығарманы лирикалық леппен, қыр-сыры мол сипатпен, азаматтық серпінмен жазуы оның өзіндік қолтаңбасын көрсетеді. Көркемдік сипатымен дараланған туындыларында жазушы психологизм, лиризм көмегімен тіл құдіретін кеңінен қолдана білген. Автор шығарманы тек өз атынан баяндап қана қоймайды, кейіпкерді алдыға тартады. Ал кейіпкер үнінен біз оның дүниетанымын ғана емес, суреттеліп отырған дәуірдің келбеті, уақыттың тынысы, беталысын да аңғарамыз. Қабдеш Жұмаділовтің романдарының тіл көркемдігі туралы сөз еткенде алдымен оның халық ауыз әдебиетінің мол мұраларын қолдану ерекшелігін атап өту қажет. Бұл үрдіс жазушының «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» романдарына тән тәсіл. Мысалы «Тағдыр» романындағы Күдерінің үйлену тойы үстінде қазақтың салт-дәстүрі әр қырынан тамаша көрініс тапқан. Жазушы шығармаларының тілі жайлы айтқанда оның сөзбен сурет сала білер шеберлігін атап өткен дұрыс. Оның портреттік поэтикасынан аңғаратынымыз – жазушы кейіпкердің сыртқы келбетін, бет-жүзін тізіп суреттей бермейді, оларды қимыл үстінде танытуға тырысады. Кейіпкердің сыртқы бейнесімен қатар ішкі дүниесін қатар суреттеуге ұмтылады.

Жазушының портреттеріндегі теңеудің қызметі ерекше. Сонымен қатар юморлық тәсілмен реалистік дәстүрді байланыстыра білуі портрет жасау, табиғат көрінісін суреттеу тұстарында ерекше байқалады. «Оң жақ бетінің ұшында тарыдай ғана меңі бар екен. Бейне кірпігінен үзілген бір тамшы жас домалап барып, сол тұсқа келгенде мәңгі қатып қалған тәрізді. Шығармаға поэтикалық қуат дарытып тұрған осы суреттеу бір-бірімен керемет байланысып кеткендей.

Қ.Жұмаділов табиғатты бейнелеуде суретке жан бітіріп, тірі сурет салуға бейім. Яғни, жазушы табиғат құбылысына адам мінезін, қимыл-әрекетін бере суреттейді. Гүлдің бұралып билеуі, айдың жүзуі, таудың былқ етпей мелшиіп тұруы – бәрі де адамның мінез қырлары. Сол мінез қырларымен табиғатты безендіре отырып суреттеген. Қ.Жұмаділов қай тақырыпты қозғаса да, ол үшін ең бірінші орында адам түрады. Пейзаж арқылы адам жанының небір қатпарларын жаңғырта ашып, оның толыққанды бейнесін өзіне тән болмысымен, табиғатымен көз алдымызға әкеледі. Сұлулық сыры қанша көп болса, әдеби шығармадағы көркемдік пен әсемдіктің әлемі сонша сан алуан.

Міне, жазушы романдарында кездесетін осындай сипаттарды суреткердің өзіндік шеберлігін танытар қасиет деп санауға әбден болады. Қаламгердің қай шығармасын алсаңыз да, жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, талант пен дарынсыздық туралы жалпыадамзаттық ой жатады. Қарымды қаламгердің, шебер суреткердің шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды, себебі оның рухани дүниесі – текті өнердің жемісі.

Ұқсас жазбалар:

Қабдеш Жұмаділов. "Ақынның ақырғы күндері"

Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романында бүтін бір халық жерінің екі империя арасында таласқа түсіп, бөлінуі

Ж. Исакаев