«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі ақылды балалар тірлігі

«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі ақылды балалар тірлігі
Фото: universomamma.it

Шығарма Ораштың көзімен, қимас сезімімен, өкінішімен берілген Тортай тағдыры жайлы. Екі баланың әңгімесінен олардың зеректігін, сезімталдығын, ақылдылығын көрмеу мүмкін емес. Үміт арту, мақсат қою, армандай білу осы балалардың әңгімесінен анық көрінеді. Бір-бірінің қамын ойлап, бір-бірін толықтырып отыратынын оқыған кезде, шын жанашырлықтың не екенін түсінуге болады.

«...Біздің ішімізде менен екі-үш жас үлкендігі бар Тортай атты бала болушы еді. Әке-шешеден тым ерте айырылып, алыстан қосылар аталастарының есігінде жүретін. Қой аузынан шөп алмас жуас, құлағының сәл мүкісі бар, бала болып көп ойнамайтын жасқаншақ еді. Бәрімізден гөрі ерекшелігі, таңертеңнен кешке дейін бас алмай кітап оқи беретін. Қолына не тисе, соны талғамсыз оқитын Тортай арамыздағы білгішіміз, аузымызды ашып тыңдар абызымыз сықылды... Тортай, әсіресе, мені жақсы көрді. Жанынан бір елі қалдырмайтын. Әкем – ферма меңгерушісі, үйде ішіп-жем мол, ит басына іркіт төгіліп жатушы еді. Шешемнің қолынан – бір, жолынан – екі алып, әр күн сайын Тортайға таситынмын. Ол мені алдап тамақ үшін дос болмайтын, қайта «мен аш жүргенім жоқ, әкеле берме» деп ұрысатын-ды. Өз бейілімен, көңіл хошы болмаса, ләм деп аузын ашпайтын, әрі құлағы қақас еститін болған соң, әңгімеге зауқы бола бермейтін. Тек менімен ғана оңаша сәттерде ағыл-тегіл әңгіме құрушы еді...»

Тортайды абыз санап, оның айқандарын мүлт жібергісі келмейтін Ораштың досына деген қарым-қатынасын осы үзіндіден көруге болады. Ораш Тортайдың жалғыздығын ойлап, ата-анасынан ерте айырылғанын сезініп, жанашырлықпен қарайды. Оған үйінен тамақ әкеп беріп, әңгімесін тыңдау үшін жанынан қалмайды. Тіпті Тортайды алыс ағайыны үйінен қуып жібергенде, Ораш жаңбырлы күні таудың арасынандағы үңгірден тауып алып, оған үйінен ұрлап әкелген наны мен ірімшігін берген еді. Тортайдың Орашқа «Әке-шешең іздеп жүрер, үйіңе қайт, қорықсаң – мен шығарып салайын» деген сөзінен, әсіресе, «қорықсаң» дегені оның ағалық пейілін көруге болады. Жандары кітапқа құмар жас жеткіншектердің арманы да ерек.

«Бұл дүниеде мен пір тұтар, сырласар жалғыз-ақ нәрсем бар, ол – кітап, әкем де, шешем де сол – кітап. Кейбірін екі-үш қайтара жалықпай оқып шықтым. Жалғыздығың, жетімдігің – бәрі-бәрі ұмтылып, басқа бір жұмақты өмірге сапар шеккендей боламын. Әттең, жағдай келсе, оқуымды одан әрі жалғастырып, Алматыға аттанар едім. Шынымды айтайыншы, кітап жазып, жазушы болғым келеді...» Бұл – Тортайдың сөзі. Мектеп, парта, ұстаз көрмеген баланың сөзі. Кітапты пір тұтып, ата-анасындай көруі, бір кітапты қайталап оқуы, оқуға деген құлшынысы, жігері Тортайдың кем тұсын «жауып» тұрғандай. Ал «жалғыздық», «жетімдік» дегенді кітап оқып жеңетін Тортайдың көкжиекке көз тігіп, қиялға шомған сәттегі ойын білесіз бе? «... Егер, осы тұрған жерімізден тұп-тура шығысқа жаяу тартып кетсек, қайда барар едік? Білемісің (мен иығымды көтеремін), ә білмейсің. Моңғолиядан бір-ақ шығар едік. Сен болмасаң, мен жүре беруден әсте шаршамас та, қорықпас та едім. Рас айтамын, Моңғолияға барар едік...». Арманның аласармайтын шыңына жеткен баланың ойы. Ақылды әрі зерек Тортайдың оқып-білгені арманына жетелеп еді.

«- Ақ боз демекші, түнде түсімде көк өгізім арғымақ болып, жер тарпып, кісінеп тұр. О несі екен? – деп, бұзауларымен бірге қаперсіз оттап жүрген өгізіне күн сап қарады.

- Тортай, сен түбі сол ақ боз атқа мінесің, - дедім мен шын көңіліммен». Ал мына үзіндіден досқа деген шын көңілді, Ораштың Тортайдың рухын көтеріп, оған үміт беріп, жігер сыйлағанын көруге болады.

Ал Ораштың Тортайға қатты жаны ашыған сәті мынау еді. «Күз жақындап, фермадағы барлық бала жайлаудан ауылға оқуға аттанғанда, тау басында бұзау бағып, жападан-жалғыз Тортай ғана қалған. Әрине, мен оны қимадым, қиналдым. Өзіммен бірге ала кететін шаманың жоқтығына жыным келді». Ең зерек досының ауылда қалып, оқуға бармай қалғанына жаны ашып, қолдың қысқалығына налуда... «Кетерімде ол маған ең сүйікті кітабын сыйлап тұрып айтты: «Мен үшін де оқы. Бәлкім, мен міне алмаған ақ боз атқа cен мінерсің». Осы сәттен бір-бірін қимасын әрі досқа артылған үлкен үмітті көруге болады. Арманындағы ақ боз атын өзі мінбесе де, досына қиған Тортайдың ақжүректілігін байқайсыз. 

Ұқсас жазбалар: 

«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі қарапайым ауыл тіршілігі

«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі табиғат көрінісі

Е. Жұмабайұлы