Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері

Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романындағы ел бірлігі, ұлт мүддесі мәселелері

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Шығыс Түркістан империялар мүддесі, отарлау, өзге жердің алтыны мен байлығына қол сұққан алпауыттар айқасын көрсететін өлке болды. Жер, жер және жер. Өзінің отаршыл, өктемшіл пиғылдарынан еш қайтпаған патшалық Ресей мен маньчжурлық Қытай көрші елдер жерінің астындағы байлығна қоса үстіндегі қимылдаған жан иесін тұтас құрсауда ұстап билеуге ұмтылды. Ежелгі Шығыс Түркістан, бертінгі Жоңғар ойпаты ежелден, ғасырлардан бері тоғыз жолдың торабы және сауда-экономикалық өткел қызметін атқарды. Ал бұл өңірлердің ежелден бергі иесі Түркі жұрты, қала берді, қазақ еді.

Қабдеш Жұмаділовтың "Тағдыр" романында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы империялық құрсаудағы Шығыс Түркістан, оның ішінде Тарбағатай өңіріндегі шиеленісті оқиғалар баяндалады. Басты кейіпкер Демежан сол өлкеде өмір сүріп жатқан қазақтың тортуыл руының биі. Романдағы оқиғалардың дені Демежанның айналасында өрбиді. Сол кездегі ішкі және сыртқы саяси оқиғалар, айта кетсек, империялар жер бөлісі, елге бөліну кезіндегі дағдарған халық, сандалған жұрт, ағылған көз жасы, бір-бірінен айырылған жақын-таныстар, бір сөзбен айтқанда тағдыр тәлкегін суреттеді.

Қай жағына қарасаң да көз жеткісіз тұңғыйық. Мұндай жағдайда Демежанның қолынан не келер еді? Расында ол шамасы келгеннің бәрін жасады. Халық үшін басын талай бәйгеге тігіп, өзге жұрттың өктемдігіне барынша тойтарыс береді. Сол өлкедегі судың құқығын қолында ұстап отырған сібе-солаң жұртының көсемінің айдарын кесе отырып, қазақтарға арнап тоған тартқызады.

Іргелес елдердің тартыс, дау-жанжал немесе ұрыс-барымта болсын, барлығы сол аймақтағы қазақтардың да бастарынан өтпей қайтқан жоқ. Әсіресе, пәтуасыз дүңгендердің орынсыз "ғазауыты" сол өлкедегі елдің берекесін әбден кетіреді. Ақыры арадағы түсініспеушіліктен туған қазақ-дүңген қақтығысында қазақтар аз күшін ұтымды ұйымдастырып, шайқаста тойтарыс береді.

Бүгінде "Тағдыр" романы дәуір шындығын көркемдік шындықпен астастыра алған, халқы үшін қан кешкен ерлердің бейнесін ұрпаққа жеткізе алған туынды ретінде ел жүрегінде қалып отыр. 

Сурет: qazaq-alemi.kz

Оқи отырыңыз: 

Оралхан Бөкей шығармаларындағы адам мен табиғат тұтастығы

Қабдеш Жұмаділовтың «Тағдыр» романындағы Демежан бейнесі

Рафаэль Ниязбеков, Несіпбек Айтұлы поэзиясындағы автор тұлғасы және өлеңдеріндегі бейнелілік

М. Әуезов «Қыр суреттері» әңгімесін талдау

Ж. Өрісбай