Мағжан Жұмабаев: Эпикалық дастан мазмұнындағы романтикалық сарын

Мағжан Жұмабаев: Эпикалық дастан мазмұнындағы романтикалық сарын

Ақындық міндетті арына жүктеп, халыққа жеткізер ойдың ұшығын анық та айқын көре білген Мағжан өз бағытынан еш айныған емес. Құбылмалы өмір күйінен өз жолын таба білген ұлттың ақынына қуанышты көркейту, қайғыны жеңілдету ақындық мұраты болды. Мағжанның алғаш жарық көрген өлеңінің өзінен-ақ ақынның ұлы мақсаттары көзге шалынды. Мәселен «Айқап» журналының 1911 жылғы 2-санында жарияланған «Жатыр» атты өлеңінің соңғы шумағында ақын былай дейді:

«Кешегі шешек жарған қазақ гүлі,
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Сезінбей өзгенікін, өзінікін
Аты өшкір оқығандар кетіп жатыр?»

Бұл өлең Мағжанның 17-18 жасында жазылған. Балаң ақынның алғашқы өлеңдерінен-ақ оның азаматтық тұғырын танимыз. Сонау бір сары даланы дүбірлеткен еркіндік кезі артта қалып, еріксіз надандықтың шекпенін киген туған халқының қасіретті тағдыры Мағжанның ақындық жүрегін ғана емес, азаматтық ар-ұжданын да қозғайды. Халық қамын ойлаған жас жүрегі надандықтың түндігін түрер қазақ зиялыларынан үміт етеді. Олардың намысына қамшы салып, «Аты өшкір оқығандар кетіп жатыр?» деп, жан айқаймен ұран тастайды. Қазақ зиялыларын тұйықтан шығар жолды іздеуге шақырады. Ақын алдыңғы толқынның ізін басқан жастардың да болашағына үмітпен қарайды. Ел тілегін де, ел міндетін де ағалар үмітін ақтауға серттескен жастарға артады. Ақын қазақ болашағына бұлдыраған сағым елес, орындалмас қияли арман ретінде қарамай, ұлтының ояна бастаған сана болмысына қарап, халық сенімін күшейтеді. Мағжан поэзиясының жастарға деген үміті – ояна бастаған ұлт санасының болашағы деп біледі.

Мағжан – эпикалық жанрда да қарымды еңбек еткен ақын. Оның «Қорқыт» (1922), «Оқжетпестің қиясында» (1923), «Батыр Баян» (1923), «Жүсіп хан» (1924) тәрізді бірнеше поэмалары бар. Бұлардың тақырыптары мен көркемдік деңгейлері әркелкі болғанымен қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дүниелер. Қазақ әдебиетінде романтизм дәуіріне де Мағжан көмек көрсетті деуге болады. Бұрын Мағжан өлеңдерінде орыстың түрлі ақындарына еліктегені көрініп тұрса, қазақтың ақындарымен танысқаннан кейін Мағжан өлеңінің бетін жаңашылдыққа бұрады. «Ертегі», «Қорқыт», «Батыр Баян» - Мағжанның романтизмі күшейгендігіне дәлел», - дейді Ж.Аймауытов. Ақынды бүкіл болмысымен түсінген қаламгердің бұл ойлары «Қорқыт» пен «Батыр Баян» поэмалары тек қана романтизммен шектеліп қалмай, бойында реализмге тән белгілер түгелдей бой көтерген туынды деп қарауға жол ашады.

Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы – қазақ поэзиясының биік шыңы. Ақынның «Батыр Баяны – тілі, сюжеттік құрылымы, композициялық құрылысы жағынан ең озық үлгідегі, Мағжандай ақынның шеберлігін, талантының сан қырын ашып, кемел дарынын тап басқан туындының бірі.

«Жүрегім, мен зарлымын жаралыға,
Сұм өмір абақты ғой саналыға.
Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі,
Сондықтан жаным күйіп жанады да» , - деп, кісендеулі тілге күйініп, тіршіліктен безінген ақын «Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң, Толғанып қарауым сол баяғыға» деп өз сырын ашады. Одан әрі ақынның романтикалық биік өресінің қиясына бірге самғап, іштей онымен сырласып кетесіз. Өткен замандағы өз ұлтыңның ұланғайыр даланы қорғаудағы ұмытылмас ерлік күресінің куәсі боласыз. Ұлтының айбары болған Абылайды, махаббат сезімінің құрбандары Ноян мен қалмақ қызын, елін жаудан қорғаған батыр Баянды танимыз. Оның өкініш өзегін өртеген сәттегі жан-дүниесіндегі ала құйын сезімдер мен көзсіз ерліктерінің сырына қанығып, бірде шынайы сезімді, бірде қайғылы күйді кезек-кезек жырлай отырып, өлең сөздің тылсым тереңіне тартқанда ақынның құдіретіне еріксіз табынасыз. Поэмадағы Мағжан түйген идея – ұлт намысы – сатқынға тартылған сұр жебе. Бұл поэманың романтикалық сарыны айрықша көзге шалынатын жері «Қан көрсе қас қыранда шер тұра ма?!» демекші, батыр Баянның Абылай қолы шегінер кездегі жүз жігітпен ажалға сескенбей қарсы баруы. Баян – ажалдан қаймықпаған, күнәсін қанмен жуған – романтикалық қаһарман. Сан тарау сезімге серік болған махаббат трагедиясы осындай романтикалық ірі пафосқа алып келеді. Негізінде шығармада өткен өмірдің реалистік шындығы мен мұндалап тұр. Мағжан шеберлігінің бір қыры – тарихи шындық пен көркемдік шындықты жымдастырып жіберуі. Ел аңызы мен ақын қиялы бірін-бірі толықтырар бірлік тауып, шығарманың шыншылдығын бекіте түседі.

Сурет: kazakhstan.travel

Оқи отырыңыз:

Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі

Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы

Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы жазушының стилі, сөз қолдану ерекшелігі

Қашаған өлеңдеріндегі ізгілік қасиеттердің дәріптелуі, халық мұратының жырлануы және әділетсіздіктің сыналуы: "Берекет ақынға" өлеңі

Ж. Исакаев