Элегия дегеніміз не?

Элегия дегеніміз не?

Лирикалық шығармалардың күрделі композициялық формалары бола бермейді, сондықтан оны белгілі бір жүйеге келтіріп, түр-түрге бөліп жатудың керегі жоқ, және күні бүгінге дейін тұжырымды түрде бұлайша топталған да емес. Ілгері кезде (ХVIII ғасырда), жалпы әлем әдебиетінде классицизм дәуірлеп тұрған тұста әркімдер лириканы түр-түрге бөліп көрген болды. Олардың бастылары: ода, элегия, романс, идиллия, канцонетта, мадригал, пастораль, эпиграмма, эпитафия, эпиталама, эклога, т. б.

Бірақ мұндай бөлшектеулер лириканың мазмұнын сұйылтады. Тек сырттай ғана, ат үсті, үстірт топтау болып шығады. Бұдан гөрі лириканы идеялық-тақырыптық негізіне сай, мазмұнына қарай топтап, бірнеше салаға бөлу орынды секілді: азаматтық лирика, философиялық лирика, табиғат лирикасы, махаббат лирикасы.

Десек те, асылы, сөз өнеріндегі тек пен түр көбіне қолдап кесін-пішілген өлшем мен мөлшерге көне бермейді. Мәселен, лириканың баллада, сонет тәрізді түрлері өздерінің өрбу, өзгеру барысында поэтикалық форма ғана емес, өз алдына өзгеше жанр сипатына көшіп барады. 

Элегия деп автор өмірімен байланысты, басында болған күйініш-сүйініштерді (сүйіспендік, табиғат күйін) суреттеген шығармаларды айтады. Мұндай шығармаларда көңілдің қайғысын суреттеу өте жиі ұшырайды. Сондықтан элегия қайғылы өлең деген түсінік туды.

Элегия – ойлы, мұңға толы, қаралы характерде жазылған музыкалық пьеса. Ежелгі Грекия мен Римде әр түрлі тақырыптағы элегиялар туып, алғашқыда олар лирикалық, сатиралық және жауынгерлік сипатта болды. Кейінірек мұң аралас лирикалық ән-толғау түріндегі муз. туындылар ғана элегия деп аталды. Қайта өркендеу дәуірінде элегия еуропалық елдердің музыкасы мен әдебиетінде де тарала бастады. XVII ғасырда элегия жеке музыкалық жанрға айналды. XVIII – XIX ғасырларда элегия музыкасында махаббат сезіміне орай туған сағынышқа толы, сүйіктісінен айрылып, жалғыздық тақсіретін тартқан жандардың көңіл-күйін білдіретін вокальдық әндер өмірге келді. 

Қазақ әдебиеті тарихын алсақ, элегияның күшейген кезін ХІХ ғасыр деп айтуға болады. Қазақ хандығы жойылып, отарлау саясаты күшейіп, қазақтың ескі феодалдық өміріне өзгеріс ене бастаған кезде кейбір қазақ ақындарында элегияға берілушілік көп болды. Мысалы, Шәңгерей ақынның көп өлеңдері де элегияға жатады.

Элегия антикалық классификация бойынша, грек лирикасының үш түрінің бірі саналған. Элегия деп Кіші Азияда жоқтауды айтатын болған, көне Ионияда элегия деп өсиет мәнді, маңызды іске шақыратын, әр түрлі ой туғызатын лирикалық өлеңдерді айтқан.

Элегия туралы белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Қажым Жұмалиев төмендегідей қорытынды жасайды: элегиялық өлеңдердің негізі өз кезіндегі әлеуметтік өмірге ақынның риза болмауынан, оның көп жақтары ақынды қанағаттандырмай, қарсы күресуге әлсіздіктен, жалғыздықтан келіп туады. Сол себептен онда қайғыру, мұңаюшылық сарыны басым келеді. Әрине бұл жайттарды да кезеңімен, жағдайымен байланысты алып қарау керек. Элегия жазушы ақындардың барлығы бірдей емес, кейбір ақындар жалғыздыққа ұшырап, өзінің әлсіздігін өзі мойындайды да, сүйенер тірегінің түбі босап, тамыры шіри бастағанына көзі жетіп, сенері жоқ болғандықтан, пессимизмге бой ұрады. Олардың лирикалары өмірден түңілу немесе қоғамдық мәні бар тақырыптардан аулақтап, жалаң махаббат немесе ішімдікті жырлауды машық етеді. Одан гөрі құлдиласа, бұл дүниеден мүлде безіп, о дүниені жырлауға беріледі.

Элегия, кейде ақынның үстемдік етуші тобына наразылығынан, кейде қоғам өміріндегі кемшіліктерге оның жаны аурудан туады. Өз кезіндегі өмір кемшіліктеріне жаны аурудан туған элегияларында, өмірден мүлде түңілу болмаса да, ақынның қажу, налу сарыны анық байқалады.

Элегия кейде ақындардың күйініш-сүйініштерін, әр жағдайлармен байланысты ішкі сезімдерін сыртқа шығару, кейде бір жай көңіл-күйлерін көрсету үшін де жазылады. Бұл - табиғи нәрсе. Өйткені соқпақсыз өмір жолы жоқ. Кім де болса тіршілікте не қайғы, не бір көңіл күйзелтерлік жағдайға кездеспей тұрмайды. Бұл барлық ақындардың бастарында да болуы мүмкін. Ондай жағдайлар сезімтал, нәзік жанды ақындарға тез әсер етіп, ақындардың лирикаларында элегиялық сарын туғызуы мүмкін.

Сурет: fondosni.com

Оқи отырыңыз: 

Драма жанрының ерекшеліктері

Әбіш Кекілбаевтың "Үркер" романы туралы бірер сөз

Сәкен Жүнісовтың өмірі мен шығармашылық жолы

Шаханов поэзиясына тән өршілдік, қызу интонация, жоғары пафос мәселелері

О. Сансызбай