Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасына талдау

Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» драмасына талдау

Мұхтар Әуезовтің драматургия саласына қосқан үлесі шексіз. Ол сахналық қойылымдарға қазақтың дәстүрлерін енгізе отырып жазған. Мысалы, алтыбақан, қыз ұзату салтанаты сынды салтымызды қосып отырды.

М. Әуезовтің жеке пьесаларының варианттарын қосқанда, шамамен, елу шақты драмалық шығармасы бар. Әр драмалық шығармасында көркем образдар галереясы бар. Мақал-мәтелдер, фразалық тіркестер, айқышты сөздер көптеп қолданылып, автордың сөздік қорының молдылығынан хабар береді. Семейде «Еңлік-Кебектен» кейін іле-шала жазылған және гамлеттік оқиғаны бұлдыр елестететін М.Әуезовтің «Қарагөз» пьесасы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді, пьеса 1926 жылы жарияланып, сол жылы Семейде қойылды. Репертуардан тез алынып тасталған осы туынды отыз жыл өткеннен соң, КПСС-тің XX съезінен кейін ғана сахнаға қайта оралды.

«Қарагөз» трагедиясының көркемдік ерекшеліктері, шығармашылық тарихы, қойылымдары, тарихи негіздері жайында Әбділда Тәжібаев, Рымғали Нұрғалиев, Бағыбек Құндақбаев, Тұрсын Жұртбай, т.б. көптеген зерттеушінің еңбектері бар. Жан-жақты зерттелген. Шығарма күрделі психологиялық драма, беті айқын трагедия. Көркемдік компоненттерін барлық жағынан алғанда әлемдік драматургияның үздік үлгілерімен еркін салыстыруға болады. Бас бостандығына жете алмай, ескі ғұрыптардың құрбандығы болған жастардың тағдыры көрсетіледі. Әрине, осындай шығарманың жаңа нұсқасы дегенде көрерменнің елең ете қалатыны заңды.

М.Әуезов «Қарагөзінің» басында сахнаға Нарша мен достары шығады. Қарагөздің өз ауылында ұнататыны бар ма деген күдіктері бар. Қарагөз бен Сырымның махаббатында тас бөгеттей үлкен кедергі бар. Ол – екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпегендігі, сондықтан ру дәстүрі бойынша бір-бірімен қосылуға болмайтындығы. Оның үстіне Қарагөз басқа рудың белгілі, беделді жігіті Наршаға айттырылған. Нарша Қарагөздің бетін өзіне бұрып алмағанына қатты налыйды. Нарша мен Қарагөз отау тіксе де, Қарагөздің бар ойы Сырымда. Сүйгеніне қосыла алмаған әйелін көрген Нарша ауылдың маңдайы жарқыраған азаматы еді. Жарын түсініп, жанын күйік жеген Наршаны автор көркем әдебиетте кездесе қоймайтын тұлғалардың қатарына қосады. Бір-бірін ұнатқаннан басқа қылмыстары жоқ Сырым мен Қарагөз ел алдында, ата дәстүр алдында үлкен ұятқа қалады. Бірі жынданып өліп, бірі сергелдең өмірдің күйін кешеді.

Сурет: pp.vk.me

Е. Жұмабайұлы