Ұстаз туралы шығарма. Ұлы мамандық

Ұстаз туралы шығарма. Ұлы мамандық
Фото: altyalash.kz

Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер.

Әрбір көзі ашық адам сауатын ашу үшін ең бірінші ұстазға жүгінеді. Ал ұстаздың міндеті ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындау.

Мың ғасыр өтсе де ұстаздың аты және «ұстаз» деген ұғым өлген жоқ. Өйткені қай дәуір болмасын, ол қоғамға ұстаздың еңбегі керек-ақ. Тіпті зәру. Әр таңның атысы мен әр күннің батысы өзінің емес, сіздің қамыңыз үшін қамығып жүретін әрбір ұстаз атаулы жандардың еңбегін ұлы демей не дейсіз.

Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді көтеретін де, қателіктеріңізді кешіретін де, сабақ бере отырып сүйіспеншілікке баурайтын да, махаббатқа тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы. Таудай болып шыққан күніңізде де талабыңызға тілекші болып отыратын тағы да ұстаз.

Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін өздері емес, шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірт. Бәйгеден оза шауып, мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік келген шәкірт үшін ұстаздың қуанышы сіз бен бізге елестетуге келмейтін сезім. 

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған күні сізді құшаяқ жая қарсы алған аяулы жанның екінші анаңыздай болып кетерін сезініп көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Бірақ әрбір күн өткен сайын жаныңыздан табылып, әр аптаның жеті күнінде жеті рет көрісіп, көңіл ұясына тұрақтап қалған ұстазға деген махаббат өлмек емес. 

Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес, қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаңыз. 

М. Асқарұлы