Марғұлан Ақан. Кек пен қызғаныш (әңгіме)

Марғұлан Ақан. Кек пен қызғаныш (әңгіме)
Фото: massaget.kz

Жүрек ыза мен ашуға толған күні адамның бойынан адамдық қасиет жоғалады. 

Жібек сондай мейірімді қыз болып өсті. Ұқыптылығын, сабаққа үлгерімін, қоғамдық жұмысқа деген белсенділігін бүкіл мектеп мұғалімі айтып мақтанатын. Тек сол кеш болмағанда... 
Қайнаған тірліктегі мектептің ішкі өмірі тіптен бөлек. Оқушылардың жарқын үні мен қоңырау дауысы адам баласы үшін әрдайым ыстық боп қалары анық. Жібек әдеттегідей сабаққа дайындықпен келді. Сегізінші сынып кез келген оқушының бойындағы ақыл-ойы жетісіп, толысар кезі. Өзінің күнделікті орындығына келіп жайғасты да, сабаққа дайындалды. Қоңырау соғылып, сынып орындарына жайғасқан сәтте есіктен ұстаздары да кірді. Қасына ерткен көрікті оқушы қыз күлімдей кірді. Жігіттер жағы қызыға қараса қыздар жағы аң-таң болып тұрды.

– Сәлеметсіңдер ме, балалар!
– Сәлеметсіз бе, ұстаз!
– Отырыңдар! Танысып қойыңдар, бұл – Маржан. Сыныпқа жаңадан келген оқушы.
– Танысқанымызға қуаныштымыз! Жан-жақтан жігіттер:
– Маржан кел менің қасыма отыр!
– Жоқ, Маржан, мына жер жақсы, кел! – деп жамырасып жатты. Бірақ ұстаз қолын көтеріп бәрін тыныштандырды да: 
– Маржан сыныптағы ең үлгілі оқушы Жібектің қасына отырсын. Үйренері бар, үйретері де жоқ емес шығар.

Жібектің көңілі алабұртып кетті. Ұстаздың «үлгілі» деген сөзі ұнаса да, «үйренері бар» деген сөз жақпай қалды. Жібектің қасына келіп жайғасқан Маржан күлімдеп қана сабаққа кірісіп кетті. Арада қырық бес минут та көзді ашып жұмғанша өте шықты. Қоңырау соғылысымен Жібек заттарын алып сыртқа демалуға кетті. Ал Маржан отырған үстелге жігіттер жағы топтала кетіп, сыныпқа жаңадан келген қыздың көңілін аулай бастады. 

Сырғып аққан уақыт арада үш айды да артқа тастады. Маржанның аты сынып көлемінде ғана емес, мектеп деңгейінде таныла бастады. Оның білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығы мектеп ұжымын қуантты. Екі ортада күйіп-жанып қалған Жібек қана. Осы уақытқа дейін алдына ешкім түсіп көрмеген Жібектің қытығына тисе керек, бір күні іштей ойға кетті. «Неге мен одан төменмін, менің қай жерім кем Маржаннан, бәлкім оған тыныш жүр деп айтайын ба, жоқ, бұл жарамайды. Мен қайтсем де өз тағымды қайтарып алуым керек, мен кек алуым керек» деп ұшқыны шоқ болғанымен, айналасын өртеп жіберер бір ауыз «кек» сөзіне байланды да қалды.

Уақыт өткен сайын қызғаныш пен өшпенділік оты лаулай берді. Мінезін көрсетіп, тіпті сөйлеуден де қалды. Бір күні сабақтан қайтар уақытта Маржан: 
– Жібек, бүгін қолың бос болса біздікіне кел, отырып шай ішейік. 
– Жоқ! Менің қолым бос емес. Жүре бер!

– Кешір, білген жоқпын, – деп, Маржан да ыңғайсыздық танытып үйіне қайтты. Бұл Жібектің көрсеткен бірінші мінезі емес еді. Ақыры кек алатын күн де туғанын іштей күткен Жібек бір күні Маржанның үйден тапсырма орындап келген дәптерін қоқыс жәшігіне тастай салды. Бірақ Маржан оған бола көңіл аударған жоқ. Тек ұстазынан сөз естігені болмаса. Жібек күнде кек аламын деп түрлі айла жасап, Маржанды орға жыға алмады. Ақыры сол күні кешкісін кезекшілікке екеуі қалатын болып келісті. Кезекшілік кезінде Маржан өзінің мойнынан тастамай жүрген алқасын шешіп үстелге қояды. Мұны көріп тұрған Жібекте бір-ақ ой болды. Қайтсе де алқаны ұрлап алу. Ақыры арам ойы жүзеге асып, Маржан сыртқа шығып кеткенде алқаны тыға қойды. Маржан сырттан келісімен алқасын іздеп бебек қақты. Бірақ таба алмады. Көзіне жас алып, Жібектің алғанын сезсе де «сен алдың ба» деп сұрауға арланды. Екі көзін жасқа толтырып үйіне қайтты. Жібек мәз. Ол үшін Маржанды жылату жеткілікті еді. 

Арайлап атқан таңмен бірге оқушылар мектепке ағылды. Бірақ бүгін сабаққа Маржан келмеді. Жібектің көңілі орнында. Тек мектеп ұжымы сабаққа кешікпейтін Маржанды сұрастырып әлек болды. Түс уақыты болған кезде сыныпқа еріні қызарып, беті көгерген Маржан кірді. Сынып аң-таң. Бәрі шошып кеткен. Жібек не күлерін не жыларын білмей ол да таң қалған күйі қарап қалды. 
– Маржан не болды? Кім тиді? 
– Маржан келші қасымызға. Бәрі дұрыс па?! Жан-жақтан сұрақтың астына алған соң амалы құрып, орындыққа әлсірей барып отыра кетті. Қасында отырған Жібекте үн жоқ. Сәлден кейін: 
– Маржан... саған не болды? 
– Ештеңе, Жібек! – ызаға толы жанарды көргенде Жібектің есі шықты. Алқаны алғанын біліп қойды ма деп састы. Қоңырау соғылып, ұстаз ішке енді. Кіре салып Маржанның солғын әрі таяқ жеген бейнесін көріп: 
– Құдайым-ау, кім істеді мұны?! Маржан, қызым, не болды? Оқушылардың емес ұстаздың сұрауы жанына батса керек, көзіндегі жасқа ерік бере алмай, жылап жіберді.
– Кеше... Кеше үйге алқасыз қайттым. Ол алқа өгей анамның алып берген алқасы еді. Тағып жүруімді міндеттеп қойған. Әкем болса өгей анамның ырқынан шыға алмайды. Анам қайтқалы көрген күнім күңнің күні, тек ешкімге ештеңе білдіргім келмеген. Кеше алқамды абайсызда жоғалтып алып, үйге барғаным сол еді, әкем мен өгей анам екі жақтап тергеуге алды. Ал бұл іздер өгей анама қарсы сөйлегенім үшін әкемнен алған шапалағым... дей берген кезде артқы үстелде отырған Жансая: 
– Жібек, кеше сен бір алқа тауып алдым деп едің ғой, кезекшілік кезінде. Сол емес пе?!
– А... Ау... ә... иә тауып алдым-деп кібіртіктеп қалған Жібектің жүрегі ауызына келді. Бірақ бәрінің дұрыс екеніне көзі жетіп отыр еді, кенет Мағжан: 
– Кеше өзі кезекші Жібек пен Маржан болған жоқ па?! 
– Иә! 
– Маржан, алқаны қайда шешіп қойып едің? 
– Міне, осы үстелдің үстіне қойдым. Сыртқа шығып келіп едім, жоқ. 
– Жібек, сен ол кезде қайда болдың? 
– Мен... мен бе, сыртта болдым. Бәлкім біреу кіріп алып кеткен болар. Өкініштісі Маржан тағы да үнсіз қалды. Өйткені іште Жібектің болғаны анық еді. 
– Иә, бәлкім біреу алып кеткен болар. Қаймықпа, Маржан, дәл сондайын саған біз сатып алып береміз,– деп, жігіттер жағы қолдасып, көмектерін ұсынды. Аз да болса көңіліне мейірім ұялаған Маржан достары бар екеніне қуанды. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылған бұл күн де өте шықты. Кегіне көңілі толғанымен дәл мұндай жағдай болатынын күтпеген Жібек іштей өкініп үйіне қайтты. Оның қалағаны бұл емес еді. Кек пен қызғаныш толған жүректен ұят кеткені осы болар. Үйіне келген Жібекке анасы: 
– Қызым, мына алқаны қайдан алдың, бағана үй жинап жүріп тауып алдым,– деп еді.
– Алқа ма..? Кеше тауып алдым,– деп қысқа ғана қайырды да өз бөлмесіне кетті. 

«Тауып алдым» дейтін бір ауыз сөз тегінде адамға қуаныш сыйлап, жоғын жоқтағанның көңілін көтерер еді. Бірақ бұл жолғы сөздің астында өтірік пен кек, қызғаныш атты сайқымазақтар жатты. 
Түн батты. Маржанда тағы ұйқы жоқ... 

М. Ақан