Ақтаулық оқушы жарты сағатта 30 мың есеп шығарды

Ақтаулық оқушы жарты сағатта 30 мың есеп шығарды
Фото: inform.kz

Ақтаулық оқушы Орынгүл Арыстан менталды арифметикадан әлемдік рекорд жаңартты. Он бір жасар жеткіншек Санкт-Петербург қаласында  өткен байқауда 26 минут 26 секундта 30 мың есепті шығарған.

Орынгүл Ақтаудағы №17 мектептің 6-сыныбында оқиды. Ол оқушылар арасында «есепке жүйрік» қыз атанып кеткен. 1 минутта 25-30 есепке дейін ойша шығара алады. Дарынды жас Санкт-Петербургте ментальды арифметикадан өткен чемпионатта шапшаңдығымен талайды таңқалдырды. 120 мемлекеттен келген 150 қыз арасында үздік шығып, жеңімпаз атанды.

«Шетелден көптеген достар таптым. Осыдан бір жыл бұрын Малайзияда өткен жарыстың қатысушыларын кездестірдім. Қатысқаныма 2 жыл ғана болса да, біраз жетістікке жеттім. Қуаныштымын!»,-дейді Орынгүл.  

Азия рекорд кітабы және әлемдік рекорд кітабы өкілдерінің шешімі бойынша, осы жарыста тарихта алғаш рет  ұзақ математикалық есеп шығарылған.  Орнатылған рекорд  арнайы WORLD BOOK RECORDS (WBR) кітабына енгізілген.

«Осы жарысқа қатысу арқылы ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, әлемдік деңгейде таланты мен дарынын дәлелдеді. Қазақстанның атын халықаралық деңгейге шығарды. Қуанышымыз шексіз»,-дейді ұстазы Қарлығаш Абдреимова.

Орынгүл Арыстан халықаралық интеллектуалдық даму академиясының «UCMAS» атты  Актаудағы филиалында оқып жатыр. Қазір 4-деңгейге жеткен.

 Дереккөз: inform.kz

А. Жапатова