Жаз уақытындағы математика

Жаз уақытындағы математика
Фото: haydenhub.org

Қосу және азайту балаға бастауыш сыныпта оқытылады. Оған дейін үйде отырып  та, қызықты ойындармен қосу және азайту амалын үйретуге болады. Екі-үш баланы қатар ойнатсаңыз, тіптен жақсы. Демалыс уақытында балалар әрі ойнап, әрі аз-кем есепке үйренсін десеңіз, назар салыңыз.

Құрастырғыштар арқылы

Бағандап қосу әдісі үшін Lego құрастырғышын қолдануға болады. Ол үшін парақшаларға қарапайым мысалдарды алдын ала жазып қою керек. 2+3 деген есепті бала екі қызыл текше мен 3 көк текшені біріктіреді. Мұны «Мұнара құрастыру» деп атайды. Балаға да өте қызықты болары сөзсіз.

Домино арқылы

Домино бөлшектерін де қосу амалын есептеу үшін пайдалануға болады. Парақ алып, мына суреттегідей бағандар сызу керек. Әр бағанның астына _+_=_ деген шаблондар жазып, дайындап қоыңыз. Бала әр бағанға доминоның бір-бір бөлшегін қойып шығады. Кейін бөлшектегі нүктелерді шаблонның бос орындарына толтырады да, қосу амалын үйренеді.

Киім қыстырғыш арқылы

Бұл ойын үшін парақшаларды дайындап, оларды нөмірлеп қою керек. Қағаз қиықтарына 4+4, 5+3 деген секілді мысалдарды жазып, киім қыстырғышқа скотчпен жабыстырамыз. Бала парақшаларда көрсетілген үлкен сандар мен қағаз қиықтарына жазылған мысалдардың жауабын сәйкестендіруі тиіс. Аса қиындығы жоқ.

Балмұздақ таяқшалары арқылы

Бұл да алдыңғы ойынға өте ұқсайды. Ол үшін балмұздақ таяқшаларын жинап, оларға мысалдар жазып қою керек. Кейін кішкентай ыдыстарды нөмірлеу керек. Бала мысалдардың жауабы мен нөмірленген ыдыстарды сәйкестендіруі тиіс.

Ермексаз арқылы

Түрлі түсті ермексазды дөңгелектеп, баланың алдына әзірлеп қоямыз. Содан соң «3 көк түсті дөңгелекті бөлек қой» деп тапсырма береміз. Таңдап алған соң, «Осы 3 көк түсті дөңгелектің екеуін бас» деңіз. Бұл ойын арқылы бала түстерді ажырата алады, сонымен қатар, санауды үйренеді.

Ақылды ағаш

Бұл ойын үшін алдын ала терек пен сандар реті жазылған сызғышты суреттегідей етіп дайындап қоямыз. Оларды картон қағаздан жасаған тиімді. Сонымен қатар, бізге ойын тасы мен ермексаздан жасалған кішкентай алмалар керек.

Кейін ойын тасын лақтырып, беткі жақта түскен қалпы ағаш діңгегіндегі ойыққа салып қоямыз. Осыдан соң, балалар тас көрсеткен сандарды бір-біріне қосып, сандар реті жазылған сызғышты айналдырып, дұрыс жауабын белгілейді.

Г. Берік