Оқушылар жақсы көретін мұғалім бейнесі

Оқушылар жақсы көретін мұғалім бейнесі
Фото: voxpopuli.kz

Мектеп кезінде кей пәндерді мұғалімі үшін ғана оқығанымыз жасырын емес. Ал кей мұғалімдерді сабақ беретін пәні үшін ғана жақсы көріп, сыртынан "информатика апай, "физика апай" деп атаған кезіміз де болды. Мұғалімдердің "любимчигі" болатыны секілді, олар да оқушылардың сүйікті ұстазына айналуы — маңызды құбылыс.

Бала сабақты жақсы оқып, ұлы тұлғаға айналуы үшін шәкірт пен ұстаз арасында мызғымас махаббат орнауы тиіс. Балалардың жүрегін қалай жаулаймыз? Оқушылардың сүйікті ұстазына айналу үшін не қажет?

Барлық баланы бірдей жақсы көріңіз. Өзін жақсы көретін адамды жек көру кез келген кісінің қолынан келмейді. Әр баланың артықшылығы, ашылмаған дарыны болады, соны көре біліңіз. Кемшілігі болса, тереңіне үңіліңіз:
не үшін тентек болғанын;
жалқау болуына не себепкер екенін;
үй тапсырмасын орындамауына не кедергі болғанын анықтап көріңіз.

Кез келген жағдайға түсіністік танытатын мұғалімді сыйламау мүмкін емес. Қателік жіберген оқушыға жаза қолдану орнына, келесіде қайталамайтынына зор сенім білдіріңіз. Ол сеніміңізді ақтау үшін барын салатын жағдай жасаңыз.

Қызықтыра біліңіз. Әр сабақ сайын болмаса да, ерекше тапсырмаларды жиі-жиі беріп тұрыңыз. Күнделікті бірқалыпты сабақ өту мен үй тапсырмасынан бала тез жалығады. Сабақ үстінде ойындар ұйымдастырып, әдеттегіден тыс тапсырма табыңыз. Әр тақырып болашаққа қандай пайдасы барын тауып, бала зердесіне жеткізе біліңіз.

Оқытушының міндеті балаларға жекіп ұрсу емес, білім беру. Білім беру үшін, тәртіп орнату қажет. Егер педагогикалық-психологиялық сауатыңыз жоқ болса, оқытатын пәніңіздің жілігін шағып, майын ішкеніңіз қажет емес. Әр баламен өз қатарласыңыздай сөйлесіп, жеке сырласып, тілін таба біліңіз.

Көпшілік көзінше еш оқушының кемшілігін айта көрмеңіз. Арада кикілжің туындаса, ешкімге шағымданбай, өзіңіз жылдам шешімін табуға тырысыңыз. Баланың ата-анасын шақырып, сынып жетекшісіне, мектеп директоріне арыз айту — ең осал мұғалімнің ісі.

Сабақ үстінде сіз ойламаған сұрақ қойып, тығырыққа тіресе, "Осы сұрақтың жауабын өзің ойланып көрші. Егер ертеңге дейін таба алмасаң жауабын мен айтамын, жақсылап ойлансаң табасың" деңіз. Келесі күнге дейін ойлануға өзіңіз уақыт табасыз әрі бала миын іске қосып, ойлануына мүмкіндік бересіз.

Барынша ұстамды, сабырлы болыңыз. Оқушы жаңа тақырыпты не тапсырманы бірден түсінбесе, жүйке жұқартып, бекер таусылмаңыз. Өзіңізді шыдамдылыққа шақырып, басқа әдіспен түсіндіріп көріңіз, өмірден мысал келтіріңіз. Түк түсінбей жатса, сабақ соңында жеке түсіндіремін деңіз, бірнеше рет түсіндіруден жалықпаңыз. Қазірден бастап байсалды болмасаңыз, темірдей төзімділікке үйренбесеңіз, ұстаздық жолыңыз алысқа бармайды.

@. @assel_assanova