"Полифония" халықаралық әдебиет фестивалінің ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз

"Полифония" халықаралық әдебиет фестивалінің ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз
Фото: massaget.kz

Массагет порталы ұйымдастырған  "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет!" байқауы мәресіне жетті. 8 аптаға созылған жарыста "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандар анықталып, жүлделі орындарға ие болды.  Осы байқауда «Ең ізденімпаз» команда аталымына «Парасат» тобын лайық көріп, оларға Джордан Сонненбликтің «Барабан, қыздар және «қауіпті пирог» кітабын тарту еткен "Полифония" халықаралық әдебиет фестивалінің ұйымдастырушыларына алғыс білдіреміз.

Естеріңізге сала кетсек, "Полифония-2015" халықаралық әдебиет фестивалі 29-шы қазан мен 1-ші қараша күндері өтеді. "Тыңдау. Оқу. Түсіну" – осы төрткүндік әдеби құрылтайдың басты ұраны. Фестиваль оқырман қауымға, авторлар, аудармашылар мен баспагерлерге арналған.

Өткен жылы Алматыға бірдей емес тілде ойлайтын, сөйлейтін, жазатын, бірақ әдебиет пен мәдени диалог арқылы ортақ тіл таба алатын Жапония, Үндістан, Ресей, Өзбекстан, Латвия, Италия мен Белорус елдерінен қонақтар келді.

2015 жылғы «Полифония» шеңберінде өтетін дәрістер, мастер-класстар, дөңгелек үстелдер, музыкалық-поэтикалық кештер мен конкурстар кез келген жастағы мен сан алуан әлеуметтік топтарды қамтуға бағытталған. Фестиваль шаралары үш негізгі бағытта жүргізілетін болады.

1. Мәдени-көпшілік – әдеби кештерде алматылықтар мен оңтүстік астананың қонақтары қазақстандық авторларды ғана емес, шетелдік қонақтарды да тыңдай алады, жазушылармен сөйлесе алады;

2. Ғылыми-көпшілік – қазақстандық, шетелдік филологтардың, жазушылардың дәрістері, дөңгелек үстелдері мен мастер-класстары тек қана кәсіби қалам қайраткерлері үшін емес, сонымен қатар бүкіл әдебиетсүйер қауым үшін қызықты өтеді;

3. Отбасылық – балалар мен олардың әке-шешелеріне арналған балалар әдеби конкурсы, балалар қаламгерлерімен кездесулер, жазушылық шеберлікке, кітаптарды безендіруге үйрететін семинарлар мен мастер-класстар өтеді.

Фестивальдің мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қазақстандық әдебиет пен баспагерлік істі дамыту, Республикамызда сапалы әдеби ортаны құру. Бұл міндеттерге Қазақстанда тұратын халықтар мен ТМД шеңберіндегі әдебиеттер арасындағы мәдени-әдеби дәстүрлер алмасуын нығайту, әлемдік әдеби кеңістікке шығу керектігі жатады. «Полифония» фестивалі тәрізді мәдени шаралар осының бәріне мүмкіндік туғызады. Былтырғы фестивальдің нәтижесінде қазақстандық авторлардың шығармалары Ресей, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс, Орта Азияда жарық көрді. Қазақстандықтар осы аймақтардан келген жазушылар, филология ғалымдары мен аудармашылардың шығармашылығы пен еңбектерімен таныса алды.

Қ. Бүйенбай