Наруто - ізгілік іздеушісі

Наруто - ізгілік іздеушісі
Фото: rudaki.ru

Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана түсіріле бастаған анимені біздің балаларымыз да үзбей көріп, оның басты кейіпкерлеріне еліктеген болатын. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып келеді. Нарутоның суреті бар түрлі киім мен ойыншық шығып, дүкендер сөресіндегі тауарлар асқан қарқынмен өтіп кеткен еді. Кішігірім сәнге айналды десек те болады.

Басынан көп қиындықты өткерген Наруто ақырында батыр жігіттің өзі болып шыға келеді. Адамдар оған алыстан келіп алғыс білдіреді. Құрбысы Хината бұған бір шетінен масаттанса, кейде қызғана түседі. Хината өзінің сүйіктісінің үлкен жетістіктерге жеткеніне риза. Алайда оның осы жетістіктерінен кейін махаббатына лайық емеспін деп қорқады. Бойжеткен өзінің сезімі туралы айтамын деп ойланып жүрген кезде, Тонери атты ниндзя Жер шарына шабуыл жасайды. Ол көне сиқырлы қару-жарақты пайдаланып, әлемнің күлін көкке ұшыруды мақсат тұтады. Адамдардың ішінен тек Хинатаны аман қалдыруды ойлайды. Өйткені ол өзінің алыс туысқаны еді.

600 телехикая мен он шақты толық метражды фильмнен кейін әйгілі жапондық аниме өз мәресіне жетті. Оның кейіпкерлерін ұмыту оңай емес. Былтыр Нарутоның баласы туралы аниме-фильм шығуы тиіс болатын. Оның қаншалықты ұзаққа созылатыны белгісіз. Алайда кішкене көрермедердің есінде Нарутоның бейнесі жастық шақтағы қалпында қалады.

Бастапқыда «Соңғы фильм» бөлімі Нарутоның тәжірибе жинақтап, мықты қарсыластарымен жауласатындығы туралы болады деп күтілген еді. Алайда барлығы күткендей емес, соңғы фильм махаббат туралы болды. Яғни Наруто мен Хинатоның арасындағы махаббатқа арналды.

Расымен де, басты кейіпкердің қарсыласы осал емес. Біріншіден, Тонеридің болмысын түсіну қиын. Қай кезде қалжыңдап, қай кезде шындықты айтып тұрғанын болжап болмаймыз.

Екіншіден, жерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Өйткені Тонериге қарсы қолдануға болатын қару-жарақ Нарутолардың қолында.

Үшіншіден, жауыз кейіпкерді екі сағаттық лентаның тек отыз минутында ғана көрсетеді. Хинатаның Нарутоға арнап тігетін мойын орағышы планетаның тағдырына қарағанда көбірек талқыланады. Әдетте мұндай жанрдағы фильмдерде жауыз кейіпкерді махаббаттың қадірін түсіну үшін жібереді. Яғни Тонери Наруто Хинатаның сезімін түсінбесе, оны өзіне алып қоймақ болады.

Екінші мәселе - махаббат сезімінің бар-жоғында. «Соңғы фильмде» Хинатаның Нарутоға деген сезімінің барынша шынайы екенін көреміз. Ал Нарутоның сезімі туралы ешнәрсе дей алмаймыз. Фильмде Наруто Хинатаға ғашық болмайды, тек оның сезіміне жауап береді. Бұдан өзге басты кейіпкердің Сакураға деген сезімін байқауға болады. Сакура Хинатаға қарағанда ақжарқын, табанды, мінезді келеді. Ал Хината туралы бірнәрсе айту қиын...  

Қ. Бүйенбай