Өмірге деген құштарлыққа толы фильм

Өмірге деген құштарлыққа толы фильм
Фото: rudaki.ru

«Менің атым Қожа» фильмі секілді "Қатаң тәртіптегі демалыс" - ересектер мен балаларға арналған ертегі. Аталған фильм түсірілген кезде, көршіміз орыс халқында ауыр дағдарыс кезеңі болған еді. Осы дағдарысқа қарамастан, сапалы туындыны көпшілікке ұсынғандары қайран қалдырады.

Кеңес дәуірінде түсірілген көп кино классикаға айналып, жаңа заманда түсіріліп жатқан фильмдерге арқау болуда. Осы секілді Батыста да балаларға арналған жанрдағы фильмдер қымбатқа бағалануда. Мысал ретінде «Гарри Потер», «Нарнии», «Кариб теңізі» сынды фильмдерді атай аламыз. Әрине, ресейлік, өзіміздің отандық фильмдер голливудтың бірегей туындыларынан азын-аулақ артта қалатыны рас. Бұл тәжірибенің жетіспеушілігімен байланысты болса керек. Алайда «Аңшы бала» сынды фильмдеріміз жақсы бастама болмақ.

Екі қылмыскер түрмеден қашады. Бірі (Дюжев) – бұрынғы сақшы, оны түрме ішінде жаралайды. Ал екіншісі (Безруков) – түрменің басқарушысымен пара-пар қылмыскер. Қашып құтылатын еш жері болмай, ақырында лагерь қызметкері болып жұмыс істеулеріне тура келеді. Ол жерде тұратын орын, тамақ бар. Сақшылар да іздеп әуре болмайды. Артынша 10 жасар балалармен кездесіп, олармен қызыққа толы талай күнді өткізеді.

Кей жігіт заман талабына сай сүйіктісінің алдында өзін бұзақы етіп көрсеткісі келеді. Киноны көріп отырып, қылмыскерлерді, олардың жаргондарын жарнамалау қаншалықты дұрыс деген ойға қаламыз. Ресейлік қылмыскерлер мен түрме өзін жарнамалауды қажетсінбейді. Екінші шетінен іні-қарындастарымыз криминалды фильмдер көріп бұзақы болуды армандағанша, "Қатаң тәртіптегі демалыс" фильміндегідей өзін тек жақсы жағынан көрсетуге ұмтылатын кейіпкер болса екен дейміз.

Балаларға қылмыскердің өмірін осылайша таныстарған жөн болар. Арасында ұялтатын оғаш көріністер жоқтың қасы. Ерекше талғаммен түсірілген десек те болады. Фильмде актерлердің де, режиссердің де еңбегі көрініс тапқан. «Поп пен оның Балда есімді қызметшісі туралы ертегі» сынды жапон театрының аясында түсірілген қойылымдар да қызықты. Әрине, ішіндегі көп әзіл балаларға лайықталып таңдалған. Алайда жасы үлкендерді де бей-жай қалдырмайтыны рас. Олардың да жүзіне еріксіз күлкі үйіріліп, көңіл күйлері көтеріледі.

Түрмедегі эпизодтар қарапайым түсірілген. Оның қатал тұстарын ерекше сезімтал, байқағыш балалар ғана көре алады. Кинематографистер қылмыскерлердің өмірі қаншалық қайғы-мұңға толы екенін көрсетіп, мұндай өмірден жиіркендіруге тырысқан.

Өкінішке орай, фильмдегі бюрократия оның кемшілігі болып табылады. Батыс комедияларымен салыстыратын болсақ, қалаған адам қалаған жеріне бара алады. Мысалы, қылмыскер әйелдерге арналған ғибадатханаға. Бұл үшін ешқандай құжат қажет болмайды. Ал кеңес дәуірінде барлығы басқаша болатын. Лагерьдің басшысы қылмыскерлердің құжатын сұрамағаны қатты ойландырады. Педагог мамандар өздерінің әріптестері емес екенін тіпті байқамады. Оның үстіне лагерь орналасқан аймақта ер адамдар аз болатын. Фильм кеңес дәуірін бейнелегендіктен, директор қандай жағдай болмасын жұмысшыларды құжатсыз жұмысқа алмайтын еді. Өйткені ол кезде тәртіп өте қатаң болатын. Сол заманда шын мәнінде қылмыскерлерді рекомендеген адаммен жақсы қарым-қатынас та көмектеспейтін еді. Шындығында ресейлік шенеуніктердің байқағыштығынан қашып құтылу мүмкін емес, алайда мұның барлығын арнайы ұйымдастырылған сюжет деп қабылдайық. Бұдан өзге балалардың бір тәулік өтпей жатып достасып, тәлімгерге қарсы қызықты әрекеттер жасайтыны таңқалдырады. Мұны да жанр қажеттілігінен туындаған дүние деп қабылдайық. Ал кейіпкерлерге қатысты қалған оқиғалар шындыққа жанасады. Балалардың лагерьді алғашында ұнатпауы, кішкене балалардың жаргон сөздер айтуы, отбасы жоқ энергияға толы әйелдер, бар уақыты мен күшін балаларға арнайтын тәлімгерлер - барлығы да таныс. Кеңес дәуірінде өмір сүрмесек те, мұның барлығын ата-анамыздан сұрап біле аламыз.

Барлық актер — жасы үлкен, жасы кішілер мінсіз ойнайды. Сұрақ тек басты рөлдегілерге қатысты туындайды. Бұған дейін Бригада телехикаясымен таныс болып үлгерген Дмитрий Дюжев өзінің миллиционер рөлін ойдағыдай сомдайды. Оның ең бұзақы деген балалардың тілін тауып, адамгершілік қасиеттерін көрсете білгеніне толықтай сенеміз. Алайда сөйлеу мәнерінен Юрий Никулиннің интонацияларын байқаймыз. Өзіне ғана тиесілі образ ойлап таба алатын талантты актердің еліктегіштігі көңілімізді қалдырады.

Сергей Безруков кейіпкерінің жағдайы өзгешелеу. Актер өз рөлін сапалы орындап шығады. Бұрын-соңды ойнап көрмеген жаңа рөлі десек те болады. Талантты актерлер өнері ұшталған шағында өзін ғана сомдай алатын дәрежеге жетеді. Мысалы, Леонардо ДиКаприо. Ол қай рөлді ойнаса да, бір образдың аясынан шыға алмайтынын көреміз. Ал Сергей Безруков өзін мүлдем басқа қырынан танытты. Әйел қауымының сөзін бастан асырмай, қабағын түйіп жүретін жігіт комедиялы рөлді сомдайды. Мәселе оның бар өмірін темір тордың ар жағында өткізген қылмыскерге ұқсамайтындығында. Ол интеллегент адамды еске түсіреді.

Өмірде барлығы да мүмкін. Қарапайым отбасынан шыққан баланың түрмеге түсіп, артынша өзінің парасат деңгейін көтеруі де ғажап емес. Бұзақы адамның балалармен сөйлесу арқылы өзін тәрбиелеуі де. Мұншалықты өзгеру үшін басты кейіпкер бейкүнә жан болуы керек еді. Ал Сергейдің кейіпкері - бақытсыз, жалғыз, қауіпті, қалауын анық білетін жан.

Қай киноны көріп отырсақ та, оның «хэппи-энд-пен» аяқталғанын ұнатамыз. Соны асыға күтеміз. Өкінішке орай, аталған фильм басқаша аяқталады. Қылмыскерлер түрмеге қайтып оралады.

Кейбір көзге жас әкелетін сәттер болмаса, "Қатаң тәртіптегі демалыс" фильмі - өмірге деген құшарлыққа толы фильм. Оптимист болуға, әрдайым өзіңнің қалағаныңа жетуге шақырады. Достықпен, махаббатпен аяқталады. Әттең-ай дейтін сәттер де жоқ емес. Режиссер Зайцев кеңес дәуіріндегі классикалық комедияларды көріп шығып, сол стильді қайта жандандырғысы келген сыңайлы. Бұл оның қолынан келді.

Құрметті оқырман, аталған фильмді көріп, өз ойыңызбен, алған әсеріңізбен бөлісесіз деген ойдамыз. Жазғы демалысыңыз қызықты өтсін!

Қ. Бүйенбай