Көш бастаған мамандықтар

Көш бастаған мамандықтар
Фото: Come Recommended

Мектеп бітіргеннен кейінгі өмір барлығымызды мазалайтыны анық. Қандай мамандыққа жол тартқыңыз келеді? Қай мамандықтар сұранысқа ие? Алдыңғы шепті бастап тұрған қандай мамандықтар?

Мектеп қабырғасында ер балалар қызығушылығы болмаса да, физика пәнін таңдап жатады. Себебі, әйтеуір бір мемлекеттік грантқа ілігемін деген ой қалыптасып қалған. Керісінше, қыз балалар биология пәніне құмар. Олардың санасында медициналық мамандық тұрады. Тіпті болмағанда, биотехнология, психолгия, педагогика сынды мамандықтарға жол ашық.

Мамандық таңдамас бұрын өз қабілетіңіздің қарымын анықтап алғаныңыз жөн. Сурет салуға шебер, ән айтуға бейім адамдар өнерден жырақта жатқан мамандықтың терісін илеп әлек боп жүр. Осы тұрғыда ата-анамен ақылдаса отырып, өз қалауыңызға қарай жол ашыңыз. Қиынсынбай  дайындалсаңыз, алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ. Сарапшы мамандардың пікірінше, бүгінгі күнде маркетолог, web-дизайнер, химик, бағдарламалаушы, өнеркәсіп саласы мамандары жетіспейді. Ал астрофизик, астроном сынды ғарыш саласы мамандары мен механик, картогроф, геодезист мамандарына еліміз аса зәру. Бұл мамандықты таңдайтындар қатары жоқтың қасы, ал қажеттілік жылдан-жылға артып келеді. Еліміздегі сұранысқа ие мамандықтар тізімі:

1. Автоматтандыру және басқару

2. Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар

3. Органикалық заттардың химиялық технологиясы

4. Жылу энергетикасы

5. Халықаралық қатынастар

6. Мемлекеттік және жергілікті басқару

7. Аударма ісі

8. Жалпы медицина

9. Филология

10. Есеп және аудит

Жоғарыда аталған мамандықтар тізіміне жыл сайын сан мыңдаған оқушылар тапсырып көреді екен. Алайда, көпшілігі мемлекеттік грантқа іліге алмай жатады. Демек, аталмыш мамандықтар сұранысқа ие. Бірақ, талабы мықты. Сіз қай мамандыққа жақынсыз немесе қай пәнге бейімсіз? Бөлісе отырыңыз.

Ә. Жутаева