ҰБТ-ның нәтижесі емес, алдымен адамның маңызды екенін түсінуіміз керек

ҰБТ-ның нәтижесі емес, алдымен адамның маңызды екенін түсінуіміз керек

Ұлттық бірыңғай тесттің басталуына үш айдан аз уақыт қалды. Өткен жылдың жазынан бері бұл сынақ талаптарының өзгеретіні туралы бірқатар мағлұмат айтылғанымен, әлі күнге ресми түрде ешбірі қабылданған жоқ. Тестілеу мерзімі жақындаған сайын оқушылар мен ата-аналардың, ұстаздар мен мектеп басшыларының уайымы жиілегені сөзсіз. Осы орайда ЮНЕСКО клубы, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры Ғани Бейсембаевпен сұхбаттасуды жөн санадық.

− Ғани Бектайұлы, өзіңіз білетіндей жақында Білім және ғылым министрлігі ағылшын тілінің Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруда міндетті пәндердің бірі болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Осыған қатысты ойыңыз қандай? 

− Бұл сұраққа менен бұрын академик Асқар Жұмаділдаев жауап беріп еді. Мен ол кісінің ойымен толық келісемін. Дегенмен бұл сұрақтың өзектілігін басқа қырынан да қарастырып көруге болады. Негізінен тіл білгеннің пайдасы болмаса зиянының жоқ екені әмбеге аян. Әлем психологтары бірнеше тіл меңгерген адам миының қартаймайтынын алға тартады. Бұл - бірінші уәж. Бір тілді жетік білу мәдениеттілік, ал бірнеше тіл білу "жоғары мәдениеттілікке" жатады деседі. Бұл - екінші дәйек. Әлемде күн сайын табылып жатқан керемет жаңалықтардың 70 пайызы ағылшын тілінде шығады екен. Ендеше, заман ағымынан қалыс қалмай, озық ойлы, әлем адамдары қатарында болуға ұмтылғандарға ағылшын тілін білу міндетті. Бұл - төртінші уәж. Жалпы, шетелде өмір сүргісі келетін талантты да дарынды жастарымыз үшін де ағылшын тілін білу ауадай қажет. Дегенмен халық бір мәселені жақсы түсінуі керек. Білім және ғылым министрлігінің үш тілді енгіземіз деуінің астарында жалпы қазақ еліне деген еш қастандық жоқ. Олар да елдің азаматтары. Әкесі де, шешесі де қазақ болған соң жүректері "қазақ" деп соғады деп ойлаймын. Олай болса, үкіметтің ойы жалпы халық ағылшынша сөйлеп кетсе, Қазақстан әлем елдерінің алдына шығар деп үміттенетін сияқты.

− Дегенмен бұл бастаманың кері әсері болуы да мүмкін ғой?
− Расында да көптің пікірін қақ жарып, елді сергелдеңге салып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды ашуландыратын бұл мәселенің екінші бір қыры бар. Ол үшін әуелі білім жүйесіндегі бүгінгі ахуалға көз жүгіртіп көрелік. Бірінішіден, ел ішінде "қазіргі жастар мүлде кітап оқымайды" деген керітартпа көзқарас бар. Солай делік. Ендеше өздеріне түсінікті бір тілдің өзінде кітап оқуға жалқау мына заманның жастарын жаппай ағылшын тілінде қалай оқытпақпыз. Осынымыз бос әурешілік емес пе екен деп қаламын. Екіншіден, соңғы кездері, басқасын былай қойғанда жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан жастар арасында сауатсыздық жайлап бара жатыр деген қауіп бар. Яғни, қазіргі буынынң 60-70 пайызы өз тілінде ойын қағазға түсіре алмауы бір бөлек, бір сөйлемінде он қатенің болатыны жиі айтылып жүр. Бұл мәселенің өршуіне ғаламтордың тілі де көп кесірін тигізіп тұр. Олардың күйі не болмақ? Бір тілді еңсере алмағандардың күші үш тілге қайтіп жетпек? Үшіншіден, жоғары оқу орындарында, колледждерде, мектептерде 300 мыңнан аса педагог жұмыс істейді. Соның ішінде білікті, мықты ұстаздардың сандық мөлшері 20-30 пайызды ғана құрайтынын білеміз. Олардың өзі бір тілділер. Жаңадан бітіріп келіп жатқан жас мұғалімдердің сапалық құрамы көңіл көншітпейтіні тағы бар. Кәсіби білікті, тәжірибелі әрі үш тілді осыншама педагогтар жуық арада қайдан табылмақ? Төртінші, ағылшынша сайрап тұрған, өзіне сенімді, сұраныстағы мықты маман орташа жалақысы бар-жоғы 200 доллардан аспайтын қызметке қалай барады? Ондай азаматтар бар болса "жаудың амбразурасын көкірегімен жабатын" бейбіт өмірдегі Александр Матросовтың патриоттық ерлігімен тең көрер едік қой. Бесінші, мектеп бітірушілерінің басқа пәндерге қарағанда математика мен физика пәндері бойынша жыл сайынғы ҰБТ-дан көрсеткіші ең төмен. Ана тілінде игере алмай отырған оқушы бұл пәндерді ағылшынша меңгереді дегенге қалай сенуге болады? Тым ұшқары кетпедік пе? Алтыншы, балалары қазақ мектебінде оқитын орыс тілді ата-аналардың үй жұмысын орындауға көмек беруден қиналатындарын жиі естиміз. Өздерінің қазақшасы шала болғандықтан қазақ тілділерден көмек сұрайтын. Ал енді мектептегі негізгі пәндер жаппай ағылшынға көшсе олардың күні не болмақ? Балалардың күйі не болмақ? Сұрақ өте көп. Демек, бұл бастамада әлі шешімін таппаған түйткілдер де көп деген сөз. Бүгінде әлемге әйгілі ірі фирмалар ағылшын тілін білетіндерді емес, бірінші кезекте қолынан нақты іс келетіндерді жұмысқа қабылдауға мүдделі болып отыр. Жақында мен Корея мемлекетінің көрнекті бір қайраткерімен тілдестім. Кезінде олар да қос тілді, дәлірек айтқанда корей және ағылшын тілін қатар дамытуға үлкен талпыныс жасап көргенге ұқсайды. Мемлекеттік деңгейде арнайы бағдарлама да қабылдапты. Бірақ бұдан түк шықпапты. Керісінше халықты жаппай сауатсыздыққа душар ете жаздаған. Бүгінгі күні өзіміздің одақтас досымыз белорустар да тіл жөнінен ауыр зардап шегіп отыр. Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдары мемлекет өз ана тілін сыртқа теуіп, орыс тіліне жаппай көшкен. Нәтижесінде Минск қаласындағы белорус тілінде оқитын мектептер саны бүгінде күрт төмендеп кеткен. Мәселенің мән жайын кеш ұққан достарымыз ана тілін қайта жаңғыртуға жанұшыра талпынуда. Бірақ мәселе түйінінің шешілуі оңай болмай тұрса керек. Тіл туралы үрей тудыратын басқа да фактілер жеткілікті. "Шаш ал десе бас алатын" кейбір шенеуніктер білім біліктілігі күмәнді болса да шетелше шүлдірлегендерді пайғамбардай көретіндері таңғалдырады. Әрине, жетінші, сегізінші деп тізбектей беруге болар еді. Бірақ осының өзі қатты ойландыратын ахуал деп білемін.

− Өткен жылдың соңында ҰБТ-ның өтетін мерзімі өзгереді деген ақпарат тарады. Алдағы уақытта тестілеу бұрынғыға қарағанда ертерек өткізіледі деп мәлімделді.
− Тестілеу жүйесінің өмірімізге етене енгеніне міне 10 жылдан аса уақыт болды. Әйтсе де жыл сайын бір даурықпа әңгіме туындап отыру әдетке айналған. Бір өкініштісі, осы шу министрліктің кейбір қызметкерлерінің аңдамай айтқан сөздерінен туындап жатады. Кейде сенсация іздеген журналистердің жаңсақ түсінген ойынан туындайды және бұған мектеп басшылығы мен ұстаздар да еріп кететіні бар. Онсыз да мазасызданып жүрген ата-аналардың санасын улап, жүйкесін құртатын осы негізсіз қаңқу сөздер. Есті, көзі ашық әке-шешеге менің маман ретіндегі айтар кеңесім: Білім министрлігі бекіткен ресми бұйрық шықпай, анау-мынауға елеңдеудің қажеті жоқ. Бұйрық жоқ болса – проблема да жоқ.

− Жалпы, талапкерлердің бұл сынаққа қалай дайындалғандары дұрыс? Оқушылардың көбінесе сұрақ жаттаумен айналысатыны баршамызға аян. 
− Неміс психологы Герман Эббин­гауз өзінің "Ұмытылу теориясы" атты еңбегінде жаттау тәсілінің нәтижесіздігін дәлелдеп жазған. Ғалым жаттап алған білімнің ғұмырының қысқалығын айтады. Дегенмен, бұл шәкірттерге қарағанда көбіне ұстаздардың проблемасы. 11 сыныпта "бәйге" қумас үшін сапалы білімнің негізін балаға бастауыштан бастап қалау қажет. Мектеп мұғалімдерін де түсінуге болады. Біздің білімді бас­қару жүйесінің қателігі бұл. Дегенмен, "білім басшылары төбемізден тоқ­пақтап жатыр, мектептің рейтингі төмендесе жұмыстан шығарып жібе­реді" деп жаппай жанұшырып, нәти­женің соңынан қумай, ең алдымен балаларға жаны ашуы керек. Өкінішке қарай, бүгінгі күні облыс әкімі де, білім басқармалары да, аудан басшысы да, мектептің директоры да рейтинг деп жанталасады. "Орташа балл болмаса, болмайды" деген "дертке" шалдыққан. Бірақ қанша ала шапқын болып, тек қана жаттау әдісімен оқытатын болса, ол түбінде ешқандай нәтиже бермейді. Тақырыпты дұрыстап түсіндіріп, тапсырманы қадағалап тексеріп, тиянақты білімге күш салу керек. Психологиялық аспектілерге де байланысты. Рас, кейбір жақсы оқитын балалардың білімін өз дәрежесінде көрсете алмай қалады. Бұған көп жағ­дайда қорқыныш, үрей кедергі жасайды. Ондай кезде баланың психо­ло­гиялық кедергілерден арылуына көмек беру жолдарын қарастыру қажет. Біздің зерттеуімізше, тест жүйесінен балалар емес, негізінен ата-аналары мен мұғалімдері көбірек қорқады. Әке-шешенің, ұстаздың ең басты рөлі - баланы "таяқтау" емес, қолдау. Баланың амандығы қажет. Оның аман болғаны, денсаулығы, психикасының сау болғаны аса құнды. Біз ҰБТ-ның нәтижесі емес, алдымен адамның маңызды екенін түсінуіміз керек. 

− ҰБТ-ны онлайн режимде өткізудің қандай артықшылықтары болмақ? Жалпы, тестіні компьютер арқылы тапсыру талапкерлердің психикасына қалай әсер етуі мүмкін деп ойлайсыз? 
− Жуырда қазақ газеттерінің бірінде әлемдік деңгейдегі оқытушы, жапон текті Америка физигі Митио Какудың болашақтағы білім жүйесі туралы болжам жасаған өте қызықты материалы жарияланыпты. Оның "Болашақ физикасы" кітабын оқыған көзі ашық, көкірегі ояу адам ХХІ ғасырдағы адамзат дамуының келешекте қай бағытта өрбитіндігінен алғашқылардың бірі болып хабардар болары сөзсіз. The New York Tіmes газетінің бағалауы бойынша, Нью-Йорктің ең үздік адамы ретінде танылған Митио Каку жақын болашақта білім интернет-технология мен гаджеттерге сүйенетін болады дейді. Сондықтан, онлайн режимде өткізілетін емтиханның кемшілігінен гөрі, оның артықшылығына баса назар аудару керек деп ойлаймын. Егер онлай жүйесіндегі қауіпсіздік өте жоғары деңгейде қамтамасыз етілсе - пайдалы болатыны сөзсіз. Мәселен көптеген өркениетті мемлекеттерде емтихан онлайн түрінде болғандықтан талапкер жыл бойына қалаған уақытында емтихан тапсыруға мүмкіндік ала алады. Қайта тапсыру да қарастырылған. Мұндай әдіс мектеп бітірушілерінің бойындағы қорқынышты сейілтіп, сенімділікті күшейтеді. Күйзелісті жағдайды төмендетеді. Жастардың мүмкіндігі артады. 

− Осы тестілеудің кесірінен еліміздің мектептері жазу мен ҰБТ-ға дайындалуды ғана үйрететін болған деген пікірмен келісесіз бе? Мұндай пікірді ҚР БҒМ Жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы Бану Нарбекова айтқан еді. 
− Тестілеу жүйесін қадірсіз, берекесіз етіп отырған өзіміз. Ата-аналар, оқушылар, мұғалімдер, оның арасында аракідік ұйымдас­ты­рушылар да бар. Ұлттық тест орта­лығына барсаңыз, оқушылардан алынған шпаргалкалардың, басқа да айла-шарғылардың түр-түрін көріп таңғаласыз. Тестілеу жүйесі біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңыншы жылы пайда болған. 1936 жылы КСРО-да қолданысқа енгізілген. Бірақ сол уақытта да жан-жақтан тартқандар көбейіп, ақыры арнайы қаулымен тоқтатылады. Ал алпауыт мемлекеттер сол тұста тест жүйесінің қателіктерінен шошынбай керісінше, зерттеп, зерделеп, әрі қарай дамыту жолдарына бас қатырып жатты. Солардың қатарында Америка, Финляндия, Канада, Франция, Израиль, Жапония сияқты алпауыт мемлекеттер бар. Қазір де бұл елдер экономикасы, тұрмыс сапасы жағынан бәсекеге қабілетті алдыңғы қатарлы мемлекеттердің сапында тұр. Егер біз де халық болып, Үкімет болып бұл жүйеге дұрыс көңіл бөліп, қамқорлық жасай алсақ, болашақ білімі бар жастардың қолына көшетініне сенімдімін. Өкінішке қарай, біз керісінше, өре түрегеліп, осы жүйені қалайда жауып тастауға жанталасып жатырмыз. Тоқсаныншы жылдардың орта шеніне көз жүгіртсек, жоғары мамандық алуды армандайтын үміткерлердің саны күрт төмендеп кетті. Ол кезде ел ішінде жоғары оқу орнына түсу үшін соғым беру сәнге айналған уақыт еді. Естеріңізде болса, дипломды базардан сатып алуға болатын заманды да көз көрген жоқ па? Мәселен, жоғары оқу орнына қабылдау формасы ретінде тест жүйесі енгізілген 1999 жылы оқу гранттарының саны талапкерлер санынан екі есе көп болды. Білімі барлар, еш қиындықсыз қалаған оқуына түсіп кетті. Осыдан кейін бірте-бірте ата-аналар да, оқушылар да күштің білімде екеніне сенімдері пайда бола бастады. Ауызша емтихан алатын жоғары оқу орындарындағы бүгінгі жағдайды алып қа­райықшы. Жақында ғана алдыңғы қатарлы ұлттық университетте кейбір сессиялардың ақшамен жабылатыны анықталып, оқытушы-профессор­лар­дың тұрақты тарифтері жарияланбады ма? Жемқорлыққа қарсы күрес қанша күшейсе де ЖОО-дағы сынақ уақытында пара алу мәселесі жойылмай келеді. Егер жоғары оқу орындарында ауызша сынақтың орнына тестілеу жүйесі ен­гізілсе, студенттер ешкімнің жемсауы­на айналмас па еді. Маған салса, мектепте де, жоғары оқу орнында да білімді бағалау жүйесін автоматтандыруға көшіру жолын қарастырар едім. Бұл заманауи талап. Мұғалімнің міндеті тек сапалы білім беру болып, ал оны тексеру тестілеу арқылы анықталса, мүмкін әділеттірек болар ма еді. 

− Еліміздің білім беру саласында ҰБТ жүйесі пайда болғалы бері қазақстандық оқушылардың оқу үлгерімі қаншалықты өзгерді деп ойлайсыз? 
− Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, ХХ ғасырда алынған білім кейінгі 15-20 жылға еркін жетсе, ХХІ ғасырдың ба­сында әрбір 2,5 жылда ескіріп отырған. Былтырдан бастап әр 1,5 ай сайын ақпарат жаңартып отыру қажеттілігі туса, 2020 жылы жиған-терген іліміңіз әрбір 72 сағат сайын алмасатын көрінеді. Демек, бірінші курста оқығаныңыз екінші курс түгілі, бірінші курстың соңында мүлдем ескіріп, жарамсыз болып қалуы мүмкін деген сөз. Сондықтан , жылдам өзгеріс­тер заманында тестілеу жүйесі баланы жинақылыққа, жылдам ойлауға, жылдам, дұрыс шешім қабылдауға, уақытты үнемдеуге баулыйды. Ұл-қызының ертеңін ойлаған, қамқорлық жасағысы келетін ата-ана ең алдымен баласының сапалы білім алуына жағдай тудыруы керек. Сәнді киім, қымбат көлік, бағалы телефон алып беріп, үлде мен бүлдеге орап, ешкім ұрпағын бақытты ете алмайды. Дұрыс білім беру арқылы ғана бақытты болашаққа бір қадам жасайтыны анық. Бүгін алып берген дүниеңіз түбінде шіриді, іриді, бұзылады, құриды, мәңг­і­лік емес. Ал оқу-білімге жұмсаған қаржы еш уақытта зая кетпейді, бала­ңызбен бірге жасайды. Жасыратыны жоқ, кейбір ата-ана 11 жыл бойы баласының білім деңгейіне мән бермей жүре береді. Тек ҰБТ жа­қындаған кезде ғана "оянып", "қалай сұрақтарды сатып алуға болады? Қайт­сем, балам жоғары нәтижеге қол жеткізеді?" деп ақшасын жинап, қамдана бастайды. Жаны мұрнының ұшына әбден тақалғанда қимылдап, "оңай" жол іздестіреді. Маған мамыр айының соңында келіп, "5 мың долларым бар, бір амалын табыңыз" деп, тамырымды басқысы келетіндер бар. Оның орнына баласының білімін шыңдауға неге ұмтылмайтындары қайран қалдырады. Оқуға, еңбекке тәрбиелемей, өтірік жолмен табысқа жетуге үйретіп, кімді алдап отырмыз сонда? Жоғары оқу орнының дипломын сатып алғанды жақсы көреміз де, өз еңбегімен ізден­генін неге қаламаймыз? Дәрігерлік көмек көрсете алмайтын дәрігерлер, сауатсыз мұғалімдер, ұшақты басқара алмайтын ұшқыштар, бір сөзбен айтқанда біліксіз мамандарды көбейт­кеннен елге де, үкіметке де келер пайда қандай? Байғұс ата-ана балама қиындық көрсетпеймін деп шырылдап әлектенеді, әрине. Ертеңгі күнін ойлады ма екен, сол ата-ана? Күн­дер жетіп, кәрілік алқымнан алған шақ­та артымызда білімі мен білігі жоқ әл­жуаз ұрпақтың қалатынын кім түсінеді...

Әңгімелескен Сандуғаш Әлімжанова 
Дереккөз: tengrinews
Y. Almabek