Сангвиниктерге қай мамандық сай келеді?

Сангвиниктерге қай мамандық сай келеді?

Холерик, сангвиник, меланхолик, флегматик сынды төрт темперамент туралы естіген шығарсыз. Темперамент дегеніміз – адамның жүйке жүйесінің ерекшелігімен байланысты табиғи қасиеті. Туа біткен қасиетті өзгерту қиын болғандықтан, оны мамандық таңдайтын кезде де ескергеніміз жөн.

Интернет беттерінен темпераментімізді анықтауға арналған арнайы тестілерді табуға болады. Мұнымен қатар, төмендегі психолог мамандардың зерттеуінің көмегімен темпераментімізге сай мамандықты таңдай аламыз.

Сангвиник

Сангвиниктер ұжым ішінде өте мейірімді, белсенді, күлімсіреп жүретін адам ретінде танылған. Олар өзгелерден тұрақтылығымен ерекшеленеді. Сырттай мазасызданып тұрса да, жан-дүниесі сабырлы келеді. Бір тапсырмадан екіншісіне оңай өтеді. Холериктер секілді берілген жұмыстан тез жалықпай, оны соңына дейін жеткізуге тырысады. Үнемі айналасындағыларға ақкөңілділік танытады. Жаңа адамдармен тез тіл табысып, өмірлік достарына адал бола біледі. Кейде өзін асыра сілтеп бағалайды. Әдетте мінезі өте тұрақты келеді. Ұйымдастырушылық қасиеттері өте жоғары.

Оқу мен экзаменге дайындалу. Орындалуы тиіс тапсырмаларды жүйелеп алған кезде ғана жақсы жұмыс істей алады. Ешкім көңілін бөлмесе, берілген тақырыпты толықтай меңгереді. Сол себепті бір күндік жоспарын алдын ала нақты құрып алғаны жөн. Топтық пікір-талас, зертханалық жұмыс, конспект жазу арқылы сабақты жақсы оқиды.

Сангвиниктерге арналған мамандықтар. Олардың жұмыс істеу қабілетіне ішкі және сыртқы факторлар мүлдем әсер етпейтіндіктен, кез келген салада жүріп табысқа жете алады. Мұнымен қатар, қара күш пен ақыл-ой еңбегін де қатар пайдаланады. Тіл табысу қасиетінің арқасында жақсы басшы болып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істейді. Кез келген жаңалықты оңай қабылдап, ұсынылған графикке сай икемделеді.

Ұстаз, әкімшілік, журналист, даяшы, қаржыгер, технолог, адвокат, менеджер сынды мамандықтарды таңдағандары жөн. Сангвиник детальдарға үңіліп, айналасын бақылай алса да, мұндай жұмыстарға қызықпайды. Әртүрлі салады жақсы басшы бола біледі. Басшылық нақты тапсырма бермеген кезде қатты қиналады. Жалпы сангвиниктер кез келген салада жұмыс істей алады.

Ал Сіз өзіңізге ұнайтын мамандығыңызды таңдадыңыз ба?

Сурет: altaynews.kz

Қ. Бүйенбай