Мамандықтың бәрі жақсы: Дизайнер

Мамандықтың бәрі жақсы: Дизайнер

Егер сіз әсемдікті, әдемілікті, айналаның гүлдей құлпырып тұрғанын ұнататын жан болсаңыз, осы мамандықты байқап көріңіз.

Дизайнерлік өнер елімізге кеш келгеніне қарамастан тез таралған кәсіптердің бірі. Мұның өзі бірнеше салаларға бөлінеді: флорист (гүлмен әрлеуші), ландшафт дизайнері, декоратор-дизайнер, баспа ісінің дизайнері және зергер.

Флористердің өзінің кәсіптері бірнешеге бөлінеді: кез келген маусымда гүлдер мен декоративті өсімдіктерді баптап өсіру; тірі және жасанды гүлдерден гүл шоқтарын құрастыру; гүл композицияларымен бөлмені, көшені, айналаны безендіру; мерекелік шараларға арналған көйлектер мен костюмдерді гүлдермен безендіру. Бұл өнерді үйрену үшін адамға алдымен нәзік талғам және теориялық білім қажет. Өсімдіктерге аллергияңыздың болмауы өте маңызды.

©Марина Бида

Ландшафт дизайнері болуды қалағандар жергілікті жердің климаттық ерекшелігін ескере отырып жерді өңдеуді; тыңайтқыштар қолдануды; ландшафты күзеу тәсілдерін, оны безендіруді; жолдарды, хауыздарды, гүлзарларды бір-бірімен үйлестіріп әрлеу технологиясын меңгеруі тиіс. Тапсырыс берушінің көңілінен шығып, далада ұзақ жұмыс істеуге шыдамды жандар ғана осы кәсіптің иесі бола алады.

Декоратор-дизайнерлердің кәсібі кино, театр өнерімен тікелей байланысты. Ол үшін декоратор-дизайнер фильм, спектакльдердің мазмұнын терең біліп, әрлеудің заманауи әдістерін де меңгеріп отыруы қажет.

Баспа ісі дизайнері журналдар мен кітаптардың, сайттардың дизайнын жасап, көркемдейді. Ол түрлі компьютерлік программаларды жан-жақты меңгерген кәсіби маман болғанда ғана өзіне жұмыс таба алады.

Зергерлік адамдармен бірге жасасып келе жатқан ең көне әрі ешқашан сәннен қалмайтын кәсіптің бірі десем, қателесе қоймаспын. Зергер әшекейлерді күрделі жөндеу; балқытып, құю; асыл тастарды өңдеу; оларды металдарға орнату сияқты жұмыстарды атқарады.

Жалпы дизайнерліктің қай саласы болса да, жоғары талғаммен бірге шығармашылық қабілетті, үлкен төзімділікті талап етеді.

Сурет: grafik.my, creativityawards.com

Оқи отырыңыз:

Мамандықтың бәрі жақсы: Туризм ісі

Мамандықты қалай таңдау керек?

Болашақ мамандығымызды бірге таңдайық

Мектепті бітірген соң Францияда білім алғыңыз келе ме?

Ф. Абилова