Алматыда бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымы мүшелігіне қабылдау рәсімі өтті

Алматыда бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымы мүшелігіне қабылдау рәсімі өтті

Алматы қаласында бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелігіне салтанатты қабылдау шарасы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін, яғни 24 қазан күні Әуезов театрының алаңында «Жас Ұлан» Республикалық қоғамдық ұйымы қатарына Алматы қаласының 8 ауданынан 250 жаңа белсенді оқшуы қабылданды. Оқушыларды ұйым қатарына қабылдау рәсімінде Қазақстанға белгілі өнер қайраткерлері Оразхан Кенебаев, Данагүл Темірсұлтанова, Бекжан Тұрыс, Асылбек Боранбаев, Еркебұлан Дайыровтар болды. Өнер адамдары ұйым қатарына жаңадан қабылданған оқушыларға көк галстук тақты. Жаңа қабылданушылар отансүйгіш болуға, ел мен жерді, ата-ананы қадірлеуге, оқуда озат, еңбекте адал болуға, табиғатты аялауға ант беріп, рәсім жасады.

Естеріңізге сала кетейік, Республикалық бірыңғай "Жас Ұлан" балалар және жасөспірімдер ұйымы 2011 жылы Елбасы тапсырмасы бойынша құрылған. Аталған ұйым жасөспірім оқушыларды жоғары рухани адамгершілікке, өз елін, өз отанын сүйетін патриоттыққа тәрбиелейді. Бүгінгі күнге дейін бір ғана Алматы қаласында «Жас Ұланның» 163 700 мүшесі бар екен.

Шара соңында «Жас Ұлан» ұйымының белсенділері Мұхтар Әуезовтың ескерткіш мүсініне гүл шоғын қойып, құттықтау сөздері сөйленді.

Қатипа Молдабаева, Алматы қаласы білім басқармасының бастығы

Біріңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына мүше қабылдау шарасын осындай театр сынды осындай рухани орынның алаңында, танымал тұлғалармен өткізіп жатуымызда үлкен мән бар. Ол балаларды мол рухани байлық алсын, тәрбие алсын деген ой. Бұл шараның маңызы аса зор, себебі жас ұрпақты осындай шаралар арқылы отансүйгіштікке, адами тәрбиеге баулиды. Бұл шараға қаланың барлық аудандары мен мектептері қатысып жатыр.

Сурет: ©М.Әуелханұлы

M. Auelkhan