Тимур Құлыбаев: Құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынаста оң өзгеріс бар

Тимур Құлыбаев: Құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынаста оң өзгеріс бар
Фото: google.kz

Бас прокуратурасында өткен «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты бизнесті қорғау бойынша II форумда «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев Ұлттық палата мен Бас Прокуратураның бірге атқарып жатқан жұмыстың тиімділігін ерекше атап өтті. Бүгінде бірлесе атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі айқын екенін айтты.

«Атамекен» үш жыл ішінде Бас прокуратурамен етене жұмыс атқаруда. Бұл ортақ алаң кәсіпкерлерге тиімді алаңға айналды. 2016 жылы алғашқы форумды сәтті өткіздік, мәселелерді айқындадық, қай бағытта қозғалу керек екенін бағдарладық. Былтыр өткен форумдағы Бас прокуратураның жаңашыл қадамдарына бизнесмендер арасында күмәнмен қарағандар да болған, алайда бүгін айтылған іс нәтижесін көрсетуде. Бас прокуратураның рөлі өзгеріп келеді, енді бұл жазалаушы орган емес, кәсіпкерлерді қорғайтын қолдаушы органға айналды. Барлық рұқсат беретін жүйелерде үдеріс жақсы жүріп жатыр», – деді Тимур Құлыбаев.

Мәселен, прокуратура органдары өз бастамасымен кәсіпкерлерді тексеруден бас тартты (2016 жылы 949 тексеру жүргізілді, енді тексерулер қатаң түрде ҚР Президенті және Бас Прокуратура тапсырмасымен жүреді), сонымен қатар мұндай тапсырманы беруге өкілетті прокурорлар саны да қысқарды (2016 жылы прокурорлар тапсырмасыен 3682 тексеру жүргізілді. Тапсырманы 683 прокурор бере алған, енді 68 ғана прокурор қалады).

«Атамекен» ҚР ҰКП басшылығы жыл сайын өңір кәсіпкерлерімен тұрақты түрде кездесіп, аймақ тынысын байқайды. Прокуратураның кәсіпкерлерге жасаған қадамы өңірде де байқала бастаған, айтарлықтай оң өзгеріс бар. Біз құқық қорғау органдарынан болатын қысым 82%-ға азайттық, 2015-2016 жылдары 7900 қылмыстық іс қозғалса, ал 2017 жылы олардың саны 1400 болған, яғни қылмыстық іс саны айтарлықтай төмендеді. Бақылау-қадағалу органдардың бизнеске қысымы азайды», – деді Төралқа Төрағасы.

Айта кетелік, былтыр амнистия жасалып, жазаланған 600 бизнесмен кәсіпкерлікпен жұмыс істеуге рұқсат алған. Соның нәтижесінде бірлескен жұмыс арқылы бизнестің анықталған жүйелі 570 мәселе ішінде 362 мәселе шешім тауып, 58 шешілу деңгейінде болса, қалған 150 органдармен талқылануда. «Атамекенге» келіп түсетін шағымдар саны азаюда – 2016 жылыдң 9 айы бойынша 5400 өтінім түссе, биыл 4000 өтінім түсті. Айта кету керек, өтінімдер құрылымы да өзгерген, егер бұрын жер мәселесі (12%) және салыққа (9%), қатысты болса, қазір көбіне кәсіпкерлер арасындағы даулар бойынша шағым басым –20%.

Massaget