Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия - 7

Ақсақ Темірдің сүйіктісі - Әлфия - 7
Фото: Фархат Токтаров

Тау қиясын бөктерлеп, еңіске қарай жалғыз атты келеді. Жүрісі баяу, өзі ойлы. Бұл көрген түстей болған доспен соңғы сырласуға келе жатқан жас жігіт.

Темір бұл жолы үш тәулік жоқ боп кеткен. Әлфиямен кездесу көңілді, қызық. Ал ажырасу ше! Жанға тиген, жүйкені езген осы жай. «Мен саған сендім. Сенен ештеңе аямадым. Сен алдап кетпексің енді. Сен тақыр жерге, ошақ басына, күлге отырғыздың. Енді мен кімге керекпін. Сен менің жарқыраған ашық күнімнің бетіне күйе жағып, таңба сап кеттің?» Бұл кімге болса да ауыр сөз. Тіпті, қарақшыға да...

Бұлар қорғасындай ауыр, зілдей жүкті сөз. Өзінше намысқой, өзінше арлы Темірге жеңіл соққан ештеңе жоқ. Ал мұның Қараспанға келіп тұра алмайтыны, оның алайға барып, тау арасында жүре алмайтыны болмаса, бұл екеуі арасында тұрған өткелсіз құз-қия көрінбеген. Бірақ қайта оралатын соқпақ бар ма? Бір-бірінен алыста жүрсе де, ортаны үзбестей, көзге көрінбей-ақ араны жалғап тұратын жіп бар ма? Екеуі де мұны таба алмадым. Әлфия ойлап тапқан айла мынау еді:

- Сен мені алмайсың, оны ұқтым. Алдадың, алдандым. Ендігі тілегім маған жар табуға себепкер бол. Осы жақында Қараспан, Бұзық, Отырарға Шаштан үлкен керуен келеді. Оның басшысы Шаш қаласның сұлтан шорасы Мадыразақ деген жас жігіт. Мен соған тиемін. Сенің көмегіңсіз ештеңе болмайды. Сен әлгі бір жабайы аңдар атқан өнеріңді бір апта қоя тұр. Сен Мадыразақтың керуенін тона! Бұл жақтан алып бара жатқан алтын-күміс, тері-сақтиян, жүн-түбітін тартып ал. Ол өте дүниеқұмар, сараң, байлыққа жанын сататын адам. Осы кезде араға мен түсемін. Сен бәрін, сабақты жібіне дейін қалдырмай қайтарып бересің. Міне, осыдан соң, ол менің ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда болады. Бұдан басқа мен барар жер де, ел де жоқ. Сен осыны нақ осы мен айтқандай...

Темір ойланып қалды.

- Тау тағысын емес, бір мәрте адам тағысын маған байлап бересің! Сонсынғысын өзім білем. Келесі жұма базардан соң, сенбі күні осы жерден шығады. Сен жол тосасың.

- Жалғыз өзім бе?

- Сенің басқа ешкімің жоқ па?

- Табамын. Сонда мен сені тонаған болам ба, жоқ әлде...

- Бүлк етпе! Сен керуенді тоқтатып, бәрін қолыңа алып ал. Соңынан Мадыразақпен бірге мен келем. Қолымды көтеріп бір-ақ ауыз сөз айтам. Сен бәрін тастағайсың да, жөніңе тартып отырасың. Содан соң сенің ерлігіңді, азамат, мәрт жігіт екеніңді, аңыз қып, бүтін жұртқа жаямыз.

Авторы: Сәуірбек Бақбергенов

Қ. Бүйенбай