Бұқарбай батыр туралы білесіз бе?

Бұқарбай батыр туралы білесіз бе?

Бұқарбай Естекбайұлы (1822-1898) – Кіші жүздегі Жетіру тайпасының Табын руынан шыққан батыр, шешен. Әуелде ру намысын қорғап батыр атанған. Кенесары Қасымұлына қосылғанға дейін Қоқан бектерінің ықпалында болған. Соңынан Кенесары көтерілісіне алғашқылардың бірі болып қатысқан. 1847 жылға дейін көрнекті батырлардың қатарында аталды. Ол 1838 жылы тамызда Ақмола бекінісін алуға қатысты. 1850 жылы Бұқарбай батырдың жасағы Қазалы, Арал, Қосқорған бекіністеріне шабуыл жасап, казак-орыстар мен қоқандықтарды жеңді. Орыс тіліндегі деректерге қарағанда, Бұқарбай осы шайқастардың бірінде ауыр жараланып, еліне қайтып, бейбіт еңбекпен айналысады. Егіншілікпен айналысып, Сырдария сағасынан күні бүгінге дейін ұрпақтары пайдаланатын "Бұқарбай арығын" (ұзындығы 25-30 км) қаздырады. Өмірінің соңғы жылдарын ел ішінің тыныштығын сақтауға арнаған. Ол өзінің беделі мен ықпалы, шешендік қабілетін араздасқандарды табыстырып, дау-тартыстарды әділетті шешуге жұмсаған. 

Бұқарбай батырдың ерліктері ақын-жыраулардың мұраларында, тарихшы Е.Бекмахановтың зерттеулерінде, жазушы І.Есенберлиннің "Қаһар" романында, зерттеуші Қ. Бердәулетовтың "Бұқарбай" кітабында айтылады. 

Ж. Исакаев