Елбасы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Р.Гасановты қабылдады

Елбасы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Р.Гасановты қабылдады
Фото: vlast.kz

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Рамиль Гасановты қабылдады, – деп хабарлады 24.kz порталы.

Ақордада өткен кездесуде Гасанов Қазақстан Президентіне ұйымның қазіргі қызметі мен ертеңге жоспарланып отырған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бесінші саммитіне дайындық туралы баяндады. Елбасы өз кезегінде бұл саммиттің Түркі кеңесіне мүше елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жүзеге асырылатын жобаларға жан-жақты қолдау көрсету түркітілдес мемлекеттер алдына қойылған міндеттерді табысты іске асырудың кепілі екенін айтты. Сөз соңында Рамиль Гасанов Нұрсұлтан Назарбаевты және Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, бұл мереке бүкіл түркі әлеміне ортақ екенін жеткізді.


Е. Жұмабайұлы