Сөздер сөйлейді. "Сыбай"

Сөздер сөйлейді. "Сыбай"
Фото: fc08.deviantart.net

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөз кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді қайта жаңғырту үшін сөздер сөйлейді.

Бұл сөз әдетте сыбай-сылтаң деген қос сөз құрамында айтылады. Ілгеріректе сыбай сөзінің жеке тұрып, белгілі бір мағынаны білдіргенін байқаймыз. Мысалы, "Қобыланды" жырында:

Көп қайырың тиеді
Елінде қоңсы, сыбайға, – деп келеді. Өткен ғасырда құрастырылған Н. И. Ильминскийдің сөздігінде: "Сыбай – бір ауылға іргелес, қонсы қонған адам" деген түсінік береді. Сонда сыбай сөзі қоңсы сөзінің синонимі іспеттес болып келеді. Оны жоғарыдағы мысалда қатар қолданылғаны да дәлелдейді.

Сыбай/субай сөзінің екінші мағынасы және бар. Л. Будагов субай сөзі шағатай тілінде "бір өзі, жеке жүрген салт атты" деп көрсетеді. Ал жалпы сыбай сөзінің "салт, бір өзі, қарақан басы" (яғни баласыз, мүліксіз, туыстарсыз деген сияқты) ұғымы бары сезіледі.

Қазақ тілінде біреудің аулына жақын келіп қоныс тепкен адамның сыбай аталуында да өз руластарынсыз салт, дара деген мән бар. Қоңсы да сондай: бұрын қоңсы қону деген сөз өз аталастарынан шығып, өзге атаның, өзге рудың адамын паналау дегенді білдірген. Сыбай сөзінің "бір өзі, қарақан басы" деген мағынасы Қобыланды сынды аға-інісіз жалғыз бас батырға астындағы тұлпарының:

Ат қылып тәңірім жаратты
Сен сықылды сыбайға, – дегенінен де аңғарылады. Қазіргі әдеби тілімізде сыбай сөзі түсіндірме сөздікке жүгінсек, "жақын, аралас-құралас" деген мағынада қолданылады дейді, бірақ келтірілген мысалдар айтыс өлеңдер сияқты халық ауыз әдебиетінен алынған. Демек, бұл мысалдардағы сыбай сөзінің беріп тұрған мағынасын жырларда қолданылған бұрынғы мағынасынан алшақтамағанын көреміз. Қазірде бұл сөз жеке-дара сирек қолданылады.

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен.

Е. Жұмабайұлы