«Жеті жарғы» мен жеті саты жайлы не білесіз?

«Жеті жарғы» мен жеті саты жайлы не білесіз?
Фото: mfa.kz

Қазақ ханы әз-Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарғаны белгілі. Сондай-ақ,  Қазақ хандығының қоғамдық құрылымы да жеті сатыға бөлінген. Осы «Жеті жарғы» мен жеті саты жайлы аз-кем біле жүріңіздер.

Ақыл-парасатының молдығы арқасында ӘзТәуке атанған ханның тұсында «Жеті жарғы» атты қазақ әдет-ғұрып хұқығының тамаша ескерткіші туады. Өзіне дейінгі дәстүрлі заң жобаларының бар мәйегін бойына сіңірген бұл жарғыда салт-тұрмыстағы күрделі жеті мәселе қамтылған. 

1.    Тіл тигізу, балағаттау, ұрып-соғу, денеге зақым салу, әйелді зорлауға қатысты берілетін жазалар. 
2.    Кісі өлімі, оған салынатын айып.
3.    Ұрлық-қарлық, барымта.
4.    Зинақорлық, зайыбының көзіне шөп салу.
5.    Әдептілік, ата-ананы сыйлау, үлкендер сөзіне құлақ асу.
6.    Жеті ата ішінде қан араластырмау.
7.    Елді мекен, көшіп-қону, жер дауы.

Сол кездегі қоғамның әрқилы қырын қамтыған бұл заң, Қазақ хандығының ғасырлар бойы өз тәртіп-тәрбиесі бар, имандылыққа арқа сүйеген біртұтас тәуелсіз ел болып тұруына бірден-бір негіз, алтын арқау болды.

Жеті саты

Бұрынғы қазақ хандығының қоғамдық құрылымы да жеті сатыға бөлінеді.

1.    Ауыл
2.    Ата аймақ
3.    Ру
4.    Арыс
5.    Ұлыс
6.    Жүз
7.    Ханды

Ауыл – ең жақын, қандас он үйелменнен тұрады. Оны ауылбасы басқарады.

Ата аймақ –жеті атадан қосылатын бірнеше ауылдан құралады. Оның адамын ақсақал деп атайды.

Ру – он үш, он бес аймақтан тұрады. Оны – ұлыс басы басқарады.

Арыс – бірнеше рудан құралады. Басшысы – би.

Ұлыс – бірнеше арыстан құралады. Оның билеушісі – сұлтан.

Жүздің құрамына бірнеше ұлыс кіреді. Хан билейді. 

Хандық – үш жүзден тұрады. Хандықтың ең үлкен әміршісі – Хақан, яғни Ұлы хан.

Аталарымыз жиі айтатын: «Ұлттың құты – хан, рудың құты –би, аймақ құты – ақсақал, ауыл құты- бәйбіше» - деген қанатты сөз осыдан қалса керек. 

О. Сансызбай