Желтоқсан желі (видео)

Желтоқсан желі (видео)

... Мұндай кезде алдымен көзге түсетін бірден-бір қауым – студент-жастар ғой. Біздің үй технологиялық институттың жатақханасына қарама-қарсы бетте еді. Оның аузында алты милиционер тұрды. Ішінде бөлме сайын аудандық, қалалық партия комитетінен, институт мұғалімдерінен бір-бір кісі жүрді. Шығар есік, ашылатын терезе, бәрі-бәріне күзет қойылды. Қайтсек жастарды ұстап қаламыз, сыртқа шығармаймыз деген ой ғой, баяғы. Соның өзінде оңтайлы сәтті пайдаланған қыз-жігіттер сытылып шығып жатты. Жамбылда институт, техникумдардың, кәсіптік-техникалық училищелердің саны біршама еді. Меніңше, бәрінде де әлгіндей жағдай болды. Жастардың дені әйтеуір Алматыға жетуді ойлады. Әркім алаңдағы жастардың арасында өзі ғана жетпей тұрғандай сезімді бастан кешті. Алайда ол жаққа барудың өзі қиын еді. Неге десеңіз, Алматы бағытындағы бар көлікке аңду, тексеру қойылды. Әсіресе қазаққа деген сенімсіздік күшейді. Оларға соншалықты шүйіледі, сенбестікпен қарайды. Себебі бір күннің ішінде-ақ дүние екіге жарылды. Сырттай сездірмегенсігенімен, іштей арбасу, аңдысу жүрді. Осының өзі әркімді шаршатты емес пе?! Бір шарасыздық еңсемізді езді. Тосылдық, торықтық. Ел бір-біріне үрке қарады. Ертеңіміз қалай болар екен деді. Олай болатыны мұндайдың талайын басынан кешірген аға ұрпақтың “абай болыңдар, абай болыңдар” деп жанашырлықпен сақтандырғанының өзі үрейге үрей қосты. Оны естіген жұрт одан бетер үрпиісті...

Міне, осындай нәрселерді көріп-білу, бастан өткеру, жүрегіңнің сүзгісінен өткізу деген қашан да ауыр. Менің ішкі дүнием алай-дүлей болды. Осыған дейін басымда болып көрмеген, азабына салмаған ойлар шымшылады кеп. Жүрегім, жүйкем қозғалды. Қатты тебіреністің әсері шығар-ау, ол! Ыза ма, әлде шарасыз­дықтан сыртқа шыға алмай бұлқын­ған күш пе... Әйтеуір бірдеңе. Бел­гісіз бір әлемде жүргендеймін. Са­басынан асқан сезім тыншытпайды, жүрем, тағы да жүрем... ыңыл, бір ыңыл құлағыма құйылатын сияқты. Мен соны қайталаймын ба-ау!- дейді автор өлеңнің шығу тарихы туралы.

Бұл бейне материалды көрген адамның бей-жай қалмасы анық. Көңіл алабұртып сала береді.

А. Оралқызы