1991 жыл: Тәуелсіздік – Қазақстанның ең бірінші жетістігі

1991 жыл: Тәуелсіздік – Қазақстанның ең бірінші жетістігі
Фото: Altyn-orda.kz

Кеңес Одағының құрамынан ыдырап шығып, өз алдына жеке ел болған Қазақстан үшін тәуелсіздік – ұлы жетістік.

1991 жыл – ел тарихында алтын әріптермен қашалып жазылатын, ұрпақтан ұрпаққа аты аңыз боп  жететін уақыт. Тәуелсіздікті 1991 жылы 16 желтоқсанда аспаннан тілеп алған жоқпыз. Осы жылдың өзінде көптеген түрлі саяси жағдайлар орын алғанын еске салу керек. Ол қандай жағдайлар?

 1991 жыл...

1991 жыл. Тамыз айы.
Мәскеуде өткен саяси жағдайдан кейін Коммунистік партия таратылды.

1991 жыл. 24 тамыз.
Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Ағымдағы жағдайды бағалау және Республика егемендігін нығайту шаралары туралы» Қаулы қабылдады.

1991 жыл. 29 тамыз.
Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығы жарық көрді. Осыдан кейін 29 тамыз күнін БҰҰ Бас Ассамблеясы ҚР-ның ұсынысын мақұлдап Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күресі күні деп белгіледі.

1991 жыл. 2 қазан.
Тұңғыш ғарышқа қазақ баласы Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен жол тартты. 

1991 жыл. 16 қазан.
«Қазақ КСР-інің Президентін сайлау туралы»  Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының заңы қабылданды.

1991 жыл. 1 желтоқсан.
Алғашы рет Қазақ КСР-інің Президент сайлауы өтті. 98,78 пайызбен Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, ел президенті болып сайланды.

1991 жыл. 10 желтоқан.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңын қабылдады. Ол – Қазақстан Республикасы деп аталды. 

1991 жыл. 12 желтоқсан.
«Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18 күндеріндегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» ҚР-ның президентінің Жарлығы қабылданды.

1991 жыл. 16 желтоқсан.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Дәл осы күні мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Арада 45 минут өткеннен кейін Түркия елі бірінші болып елдің егемендігін мойындады.  

1991 жыл. 17 желтоқсан.
Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды.

1991 жыл. 20 желтоқсан.
«Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» елбасының Қаулысы қабылданды.

1991 жылдың соңы.
Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасын мемлекеттік егемендігін мойындады.

М. Ақан