Келінге қатысты ырым-тыйымдар

Келінге қатысты ырым-тыйымдар
Фото: neke.kz

Қазақы ырым-тыйымдар біздің санамызға, ұлттық болмысымызға сіңіскен рухани құндылық. Қай ырымды алып қарасаңыз да, бекерден бекерге айтылмаған. Халқымыздың ырым-тыйымдар жүйесінде әйелге қатысты дүниелер өте көп. Солардың бірнешеуімен таныс болыңыздар!

Аяғы ауыр әйел қоян етін жемейді, жесе баласы қоянжырық болады.

Келін төрге шықпайды – төр қонақтың немесе отағасының орны.

Жаңа босанған әйел үйге кірген итке кет демейді ­– егер қуса, келіннің тісі түсіп қалады.

Келін түн ішінде суға бармайды, кір жаймайды. Себебі шошыма ауруына ұшырауы мүмкін.

Жүкті әйел ара, қайшы ұстамайды – мерзімінен бұрын босанады.

Келінге баланы көтеру мерзімі ұзаққа созылады деп түйе етін, сақау болады деп ырымдап балық етін жеуге тыйым салған.

Екіқабат келін арқан аттамайды, шаш өрмейді, жіп түймейді, әйтпесе бaланың кіндігі мойнына оралып қалады. 

Келіннің босанар шақтағы толғағы басталғанда қазақы ырымда "белден кеміріп жеп" (қатты ауыруы), қуықтың басына қарай тартып ауыртса ұл табады деп ырымдаған. Ал бала қыз боларда толғақ ке­рісінше, төменнен басталып белге қарай ауысады деп топшылаған.

Жерік болған әйел жерік асын жеуі керек. Жерігі қанбаған әйелдің баласы су ауыз болып туады, ондай бала суайт болады деген ырым бар.

Жүкті әйел шашын қимайды. Себебі, мұндай қылықтан бақ таяды, іштегі баланың бақыты кемиді, кемтар болып туа­ды, қол-аяғы қысқа болады деп ырымдалады.

Ж. Жұмағұлов