Елбасы «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің премьерасын тамашалады

Елбасы «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің премьерасын тамашалады
Фото: bnews.kz

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмінің алғашқы көрсетілімінде болды.

Ресейлік кино маманы, режиссер Сергей Снежкиннің туындысы  ҚР Президентінің өмірі мен қызметіне арналған «Елбасы жолы» киноэпопеясының жалғасы. Айта кетерлігі, жаңа фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі аса қызықты кезеңді, Елбасының 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалып, 1991 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанға дейінгі кезеңді қамтиды.

«Біз үшін, әсіресе жеке өзіме бұл зор жауапкершілік болды. Себебі тағдыры күрделі тұлға туралы кино түсіру оңай шаруа емес. Осы жайт бізге күш берді. Қыруар адамның еңбегі бір кинода тоғысады, сіздерге ұнайды деп сенеміз. Себебі, бұл – эмоцияға толы көркем фильм, бұл – драма, сондықтан ол маған және менің командама жаңа тәжірибе берді»,  дейді режиссер Сергей Снежкин.

Фильмді түсіруге Қазақстан мен Ресей киномамандарының жоғары білікті шығармашылық командалары атсалысқан. Кино екі елде төрт ай бойы түсірілді. Туынды негізінен еліміздің жастарына арналады.

Айта кетейік, фильм сюжеті бойынша ағылшын жазушысы Джереми Вильсон Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбаттасу мақсатында онымен кездесудің ретін іздейді. Алайда жоспарланған сұхбат жас мемлекеттің құрылуын баяндайтын тарихи әңгімеге айналып кетеді. Журналист Нұрсұлтан Назарбаев еске алған оқиғалардың куәсі болып, 1950-1991 жылдар арасында өрбіген оқиғаларға «сапар шегеді».

Картина 28 сәуірден бастап қалың жұртшылық назарына ұсынылады.

Басты рөлді еліміздің танымал актері Берік Айтжанов сомдаған. Фильмде: Алтынай Нөгербек, Алдабек Шалбаев, Азамат Сатыбалды, Ғани Құлжанов, Еркебұлан Дайыров, Жанель Мақажанова, Динара Бақтыбаева, Қарлығаш Мұхамеджанова және басқа да актерлер ойнады. Кинотуындыда Михаил Горбачев, Борис Ельцин, Джордж Буш пен Билл Клинтон, Сауд Арабияның королі Фадх ад-Сауд, Палестина көсемі Ясир Арафат сынды әлемдік тұлғалардың образдары бар.

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы