Айдарбек батырдың сауыты Астанаға жеткізілді

Айдарбек батырдың сауыты Астанаға жеткізілді
Фото: Ахметұлы Бейсен

Айдарбек батырдың сауыты Астанаға жеткізілді деп хабарлады ҚР Қарулы күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-тарихи мұражайы. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында табылған құнды жәдігер батыр ұрпақтары тарапынан Мұражайға тапсырылғаны белгілі болды. 

Батыр бабамыздың ұрпақтарымен алдын ала болған келісім бойынша 13 қарашада мұражай қызметкерлері Арал қаласына барып 5 ғасырға таяу уақыт сақталып келген «Айдарбек батырдың ақ сауытын» қабылдап алды. Мұражай директоры Перизат Ақселеуқызы бастаған делегация құрамында Бейсен Ахметұлы мен Мәншүк Мәметова және Арал қаласында орналасқан әскери гарнизонның басшылары болды. 

15 қарашада Арал–Жезқазған–Астана пойызымен Астанаға жеткізілген жәдігерді күтіп алуға мұражай қызметкерлері, БАҚ өкілдерімен қатар батыр бабамыздың ұрпақтары да келді. Сағат 12:00 де түскен делагацияны күтіп алушылар делагация мүшелерімен бірге мұражайға келді. Жәдігер сағат 13:00 кезінде ресми тіркеуге алынып, мұражай қорына жіберілді. Енді ары қарай зерттеуші ғалымдардың ғылыми тұжырымдамасынан кейін, 2016 жылдың 14 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Әлихан Бөкейханұлының 150 жылдық мерейтой құрметіне, мұражайдың ашылғанына бір жыл толуына орай өтетін «ҰЛЫ ДАЛА: ӘСКЕРИ ТАРИХЫ» атты ғылыми-әдістемелік конференция аясында халықтың назарына ұсынылмақ.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 4 ай бұрын Айдарбек батырдың ақ сауыты табылғаны туралы ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Ақ сауытты Айдарбек Өрісұлы бабамыз мөлшермен ХVI-ХVII ғасырда, ғалымдардың есебінше, Шығай хан, Тәуекел хандардың тұсында өмір сүрген. Қазақ халқының тарихынан ойып орын алған шерлі кезең «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» сынды сұрапыл заманды көзі көрген, жоңғарларға қарсы шайқастарға белсене қатысқандығы туралы айтылады.

Ұрпақтан-ұрпаққа ұран, құлақтан-құлаққа сары уайым сарын болып жеткен «Елім-ай» деп басталатын ескі жырдың дәуірінде ғұмыр кешкен екен деседі. Осы әңгімеде оның қалмақ қолбасшысымен жекпе-жекте жауының басын шауып түсіргені, сексен жасқа жетсе де жортуылда жүргені, кезекті ұрыста ауыр жараланғаны, алыс жерден елге жеткізіліп, көз жұмғаны айтылады.

Ж. Жұмағұлов