Елордаға Солтүстiк Қазақстан 741 тонна өнiм әкелді

Елордаға Солтүстiк Қазақстан 741 тонна өнiм әкелді
Фото: sko.gov.kz

Астана қаласының «Хан Шатыр» СОСО жанындағы алаңда Солтүстiк Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң «Өңiр берекесi» атты жәрмеңкесi өтуде. Бұл туралы Солтүстiк Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Екi күнге жалғасатын жәрмеңкеге Петропавл қаласы мен облыстың 100-ден астам ауыл шаруашлығы құрылымдары мен өңдеу кәсiпорындарының өнiмдерi қойылған.

Елордаға Солтүстiк Қазақстаннан 741 тонна ауыл шаруашылығы өнiмдерi, оның iшiнде 95,9 тонна ет, 24 тонна сүт және 10 тонна шұжық, 450 тонна картоп және көкенiс әкелiндi. Өнiм сұрыптамасы азық-түлiк өнiмiнiң 100-ден астам аталымынан тұрады.

Жәрмеңкеге келген қонақтарға арналып киiз үйде дастархан жайылды. Бұдан бөлек, жәрмеңке аясында Солтүстiк Қазақстан облысы шығармашылық ұжымдарының ұйымдастыруымен концерттiк бағдарлама ұйымдастырылған.

Астана қаласындағы Өңiрлер күнi Тәуелсiздiктiң 25 жылдығын мерекелеуге орай ұйымдастырылған «Қуатты өңiрлер — қуатты Қазақстан» акциясы аясында өткiзiлуде.

Солтүстiк Қазақстан облысының мерекелiк iс-шаралары 18 қазаннан басталған. Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры және қуыршақ театры әртiстерiнiң шеберлiгiне тәнтi болды. Бұдан бөлек астаналықтар назарына Солтүстiк Қазақстан облысының мұрағаты, С. Мұқанов атындағы облыстық кiтапхана мен СҚО мұражай бiрлестiктерiнiң ұйымдастыруымен көрме және Солтүстiк Қазақстан облысы суретшiлерiнiң картиналары ұсынылды.

Астана қаласында Солтүстiк Қазақстан облысы күндерiнiң мәдени бағдарламасы Солтүстiк Қазақстан облысының үздiк шығармашылық ұжымдарының «Мағжан елiнен — Елорда төрiне» атты гала-концертiмен аяқталмақ.

T. Кіршібаев