А. Есімов: ЭКСПО қатысушылары павильон экспозицияларының жобаларын тапсыруы керек

А. Есімов: ЭКСПО қатысушылары павильон экспозицияларының жобаларын тапсыруы керек
Фото: sputniknews.kz

А. Есімов 174 га жерге орналастырылған нысандардың құрылысы аяқталуға таяу екендігін хабарлады. Ағымдағы жылдың қазан айының соңында оларды ресми қатысушыларға инсталляциялық және өзге де жұмыстарды жүргізу үшін өткізу жоспарда бар.

«Бүгінгі таңда 103 ел мен 17 халықаралық ұйым өздерінің қатысатындығын растады. Секциялардың 98 комиссары тағайындалды. Елдермен және халықаралық ұйымдармен қатысу туралы 82 шартқа қол қойылды. 61 мемлекет ұлттық күндерінің уақытын бекітіп қойды. Осылайша, ағымдағы жылдың соңына дейін шарттарға қол қою үдерісін аяқтауды көздеп отырмыз», - деп хабарлады А. Есімов.

Сондай-ақ, ұлттық компания басшысы жақын арада үлестірілетін тек қана 5 орынның бос тұрғанын айтып өтті.

«Бізде елдер үшін толтырылмаған тек 5 павильон қалды, әзірге біз олардан өтінім күтудеміз, кем дегенде 10 ел болады деп үміттенеміз. Ресми қатысушыларға өз павильондарының тақырыптық тұжырымдамалары мен экспозицияларының жобаларын жылдамырақ тапсыру керектігін ескертемін», - деді ол.

Осы орайда, А. Есімов өз павильондарының жобасын ұлттық компанияға қарастыруға ұсынған Австрия, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Пәкістан, Польша, Жапония, Ресей павильондарын атап өтті.

Дереккөз: primeminister.kz

T. Кіршібаев