Шымкентте қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізіледі

Шымкентте қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесі енгізіледі
Фото: bnews.kz

Таяуда Шымкенттегі қоғамдық көлік қызметі толығымен электронды билет жүйесіне көшеді. Бұл туралы Шымкент қаласының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шымкентте кореялық «Korea Smart Card» компаниясы өкілдерімен кездесу өтті. Нәтижесінде ОҚО әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесін енгізу туралы меморандумға қол қойылды. 

Енді таяу арада жол жүру ақысын төлеуді автоматты жүйеге көшіру 100 пайыз инвесторлар есебінен жүзеге асырылады. Инвесторлар электрондық қондырғыларды автобустарға орнату, арнайы жол жүру картасын шығаруды толығымен өз мойнына алды. Олар әр билеттен 10 пайыз ғана пайда көреміз деп отыр.

Қуантарлығы, бұл қызмет түрі мұнан былай көлеңкелі жолмен табыс тапқысы келетін қоғамдық көлік компанияларының жұмысына тосқауыл қояды. Сонымен қатар жолаушылардың қала ішінде еркін қозғалуына жағдай жасайды. Яғни бір карта арқылы барлық автобуста қатынауға мүмкіндік туады.

«Korea Smart Card» компаниасы IT-консалтинг саласы және автоматты жол жүру билетін сату бойынша әлемдегі ең үздік инвестициялық ұйым болып табылады. 

Аталмыш компания 2004 жылдан бері 97 миллионнан астам электронды картаны жүйеге енгізген.

Дереккөз: bnews.kz

Н. Үсенова