Ақтөбе облысында 13 миллиард теңгенің мүлкі жария етілді

Ақтөбе облысында 13 миллиард теңгенің мүлкі жария етілді
Фото: www.iterviam.ru

Ақтөбе облысында 7700-ден астам нысанды тіркеу үшін 3800-ден астам адам арыз жазды. Өңірде құрылған 13 комиссия арыздың 73,7 пайызын мақұлдады, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Ақтөбеліктер құжатсыз салынған баспанасы мен саяжайын, гараж, монша, қосымша құрылысты тіркеуге күш салып жатыр. Нәтижесінде 18,2 миллиард теңгенің мүлкін жария етуге арыз жазылды. «2800-ден астам арыз иесі бар құжатты түгел жинап, талаптарды орындады. Сондықтан жылжымайтын мүлік тіркеліп, жария етілді. Бұл барлық өтініш білдірген адамдардың 73,7 пайызы. Жалпы сомасы 13,1 миллиард теңгенің мүлкі жария болды», - дейді облыстық қаржы басқармасының басшысы Алтын Дәулетова.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі келіп түскен арыздың 940-ы кері қайтарылып, толықтыру жұмыстары жүріп жатыр. Көбі құрылыс жұмыстарын аяқтамай, құжат тапсырған. Талап бойынша тек құрылысы біткен жылжымайтын мүлік тіркеуге алынады.

Қаржы басқармасының мамандары хабарлағандай, комиссия 78 арызды қарап жатыр. Олар 14 миллион теңгенің мүлкін жария етуді мақсат еткен.

Айта кетейік, Ақтөбе облысының Қарғалы ауданынан ешқандай арыз түспеген. Ал Темір мен Ырғыз аудандарының әрқайсысынан екі арыз ғана қабылданған.

Ж. Исакаев