Маңғыстауда мұнай өңдейтін заңсыз шағын зауыт анықталды

Маңғыстауда мұнай өңдейтін заңсыз шағын зауыт анықталды
Фото: inform.kz

Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері мұнай өңдейтін астыртын шағын зауытты анықтады. Зауыт иесі мен төрт қызметкер ұсталды, деп хабарлады облыстың ІІД баспасөз қызметі. Оқиға Мұнайлы ауданынының Баянды кентінде орын алды.

«ҰҚКБ қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларын жүргізу уақытында «ЭКОТЕРРА» ЖШМ өндірістік базасы аумағында мұнай өңдейтін шағын зауыттың заңсыз жұмыс істеп тұрғанын анықтады. Зауыт Nosthsouth Petroleum Kazakhstan» ЖШС-ға тиесілі. Оның директоры Ақтауда тұратын ОҚО-ның 27 жастағы тумасы», - деді ІІД баспасөз қызметінің өкілі Азамат Сәрсенбев.

Өндірістік базаны тексеру барысында «КамАЗ» маркалы көлік пен 25 тонна дизель отыны толтырылған қорап-цистерна табылып, тәркіленді. Полиция қызметкерлері зауыттың жұмысшылары - Түркияның төрт азаматын ұстады. Олардың жеке басын куәландыратын құжаттары болмады және ҚР аумағында жұмыс істеу құқығына рұқсаттары да жоқ болып шықты. Төртеуі де Ақтау ІІБ қабылдаушы-бөлуші бөліміне қамалды. 

«Аталған факті бойынша материалдар бірыңғай сотқа дейінгі тергеу тізіліміне тіркелді, астыртын шағын зауыттың басшысына қатысты тергеу жүргізілуде. Ол Ақтауда УҰИ-ға қамауға алынды. ІІД тергеу басқармасы мұнай сатып алудың көздері мен мән-жайын анықтап, мемлекетке келтірген шығынды бағалауда», - деп атап өтті Сәрсенбаев.

Дереккөзі: inform.kz

Ж. Өрісбай